Қоршаудағы қала: Мариупольдегі ахуал күрделі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоршаудағы қала: Мариупольдегі ахуал күрделі

15.04.2022

Украинада әскери қақтығыс жалғасып жатыр. Түнде Киев төңірегі әуе соққысына ұшырап, өзге қалаларда жарылыс жаңғырығы естілді. Украинаның барлық аумағында әуе дабылы іске қосылды. Ал Мариупольде жағдай күрделі. Әскерилердің сөзінше, қаланы шұғыл әскери операция немесе саяси шешім қабылдау арқылы қоршаудан босату қажет. Қала қорғаушылары өз еркімен берілмек емес. Бүгін Ресей күштері мұндағы металлургия комбинатын басып алғанын мәлімдеді. Ал осы аптада Ресей қорғаныс министрлігі Мариупольде украиналық мыңнан астам теңіз жаяу әскері сарбазының тұтқынға түскенін хабарлаған еді. Украина билігінің мәлімдеуінше, бірнеше әскери қызметкердің шынында тұтқынға түскені рас, алайда олардың саны әлдеқайда аз. Ал, Қара теңізде өртке оранған «Москва» крейсері суға батты. Мұны Ресей қорғаныс министрлігі растап отыр. Украина қарулы күштері кемені «Нептун»зымырандарымен атқан. Мәскеу мұны әзірге мойындаған жоқ. Кеменің бортында оқ-дәрілер жарылғандықтан, одан 500-дей адам эвакуацияланған.  

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу