Мемлекет басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығының атқарушы директорын қабылдады. Биыл күзде ел астанасында кеңестің VI саммиті өтеді. Соған дайындық барысы жайлы баяндалды. Сондай-ақ, кеңесті Азиядағы ынтымақтастық жөніндегі толыққанды халықаралық ұйымға айналдырудың перспективалары талқыланды. Қайрат Сарыбай ұйым жұмысындағы экономикалық өлшемді жандандыру мәселесіне тоқталып, Жастар кеңесінің отырысын, сондай-ақ маусым айына жоспарланған «Astana Financial Days» халықаралық конференциясы аясында Іскерлік кеңес пен бизнес форумын өткізуге қолдау көрсеткені үшін Президентке алғыс айтты. Мемлекет басшысы алдағы саммит нәтижесі бойынша қабылданатын қорытынды құжат жобасын мұқият әзірлеу қажеттігін тапсырды.
Әсима Нұрбайқызы