Биыл бірінші тоқсанда бірқатар министрлік 20 млрд теңгені игере алмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл бірінші тоқсанда бірқатар министрлік 20 млрд теңгені игере алмаған

12.04.2022

Биыл бірінші тоқсанда бірқатар министрлік 20 млрд теңгені игере алмаған. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Қазына қаржысын уақытында пайдалануға құжат рәсімдеудің тым созылып кететіні кедергі. Дегенмен, әлемдік ахуалға қарамастан отандық экономикада өсім бар. Бұл - жедел шаралардың жемісі. "Жалпы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына шектеу шараларының әсері барынша азайтылды" деді Үкімет басшысы. Дарын Сағитов тарқатады.

Бірқатар министрлік 15 млрд теңге игермеген

Жыл басынан бюджетке 3 трлн 700 млрд теңгеден астам кіріс түскен. Бұл транссферттерді есепке алмағандағы қаржы. Ал 3 айда игерілмеген қаражат - 20 млрд теңге. Оның 5 млрд-ы үнемделген. Жауапты ведомство басшысы қаржының игерілмеуіне шарттарды ұзақ жасау, шоттардың кеш ұсынылуы секілді көптеген құжаттарды рәсімдеудің созылып кетуі себеп деді.

Ерұлан Жамаубаев, Қаржы министрі:

Игерілмеген неғұрлым ірі сома ҚР Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт, Сыртқы iстер, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінде қалыптасып отыр.

Экономиканың өсу қарқыны 4,4 пайыз

Нысаналы трансфертті игермеген аймақтар да бар. Олар Алматы шаһары, Ақтөбе, Маңғыстау және Түркістан облыстары. Жұмсалмаған қаражат 3 млрд теңге.

Жалпы қаңтар-наурыз айларында отандық экономиканың өсу қарқыны 4,4 пайызға дейін жеделдеді. Нақты сектордағы өсім 5,9 пайыз. Салалар арасында құрылыс 8,6 пайызға, сауда 8, сумен жабдықтау 7,7, тау-кен өнеркәсібі 6,1 пайызға, ал ауыл шаруашылығы 1,8 пайыз өсім көрсетіп отыр.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Өңдеу өнеркәсібінде серпінді өсу үрдісі байқалуда. Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында өндіріс көлемі 6,5%-ға өсті. Барлық өңірде оң өсім тіркелді. Ең көп өсім Алматы қаласында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында байқалуда.

Отандық экономиканың ілгерілеуіне өңдеу өнеркәсібі ықпал етіп отыр. Нақты сектордың дамуымен бірінші тоқсанында жалпы ішкі өнім 4,4 пайызға өсті. Мәселен, былғары өнімдерін өндіру 29 пайызға, сусындар өндірісі 19, фармацевтика 18, киім-кешек өндірісі 13 пайызға өсті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Биылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша Ақмола, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында, Шымкент қаласында және елордада барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім бар. Қалған өңірлер жұмысты жандандыруы тиіс. Жалпы алғанда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына шектеу шараларының әсерін барынша азайта алдық. Бұл жұмыстарды жалағстыруымыз керек.

Инфляцияны ұстап тұруға басымдық беріледі

Үкімет алдында тұрған міндеттердің бірі – инфляцияны құрықтау. Әлемдік ахуал күрделі. Қазақстан сауда-саттық орнатқан елдерде инфляция деңгейі өсті. Әлемде азық-түлік бағасы қымбаттап барады. Бұлар біздің нарыққа да әсері етеді. «Бірақ, инфляцияны ұстап тұру үшін қажетті құралдар бар. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдаланып, бұл мәселені ерекше назарда ұстауы тиіс», - деді Үкімет басшысы.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу