Рим Папасы Францинск Қазақстанға ресми сапармен келеді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Католик шіркеуі басшысының онлайн келіссөздері кезінде белгілі болды. Тараптар ынтымақтастықты нығайтуды және конфессияаралық келісім мен дінаралық диалогты ілгерілету мәселелерін талқылады.
Биыл қыркүйекте елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 7-ші съезінің күн тәртібіне баса мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл форумның Қазақстан үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ елдегі жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар жөнінде мәлімет берді. Рим Папасы ризашылығын білдіріп, съезге қатысатынын растады. «Мен дінаралық диалогты, мемлекеттердің бірлігі мен жақындасуын ілгерілету тұрғысынан осы келелі жиынды тағатсыздана күтемін. Мұның қазіргі уақытта мәні өте зор», – деді Католик шіркеуінің басшысы.
Әңгіме соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Қасиетті Тақпен рухани келісім және өзара құрмет көрсету саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға пейілді екенін нақтылады.
Нысан Ығыл