Қарағанды облысында әкімдер сайлауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында әкімдер сайлауы өтті

11.04.2022

Тағайындау бөлек, ал сайлаудың жөні бір басқа. Қарағанды облысында әкімдер сайлауы өтті. Өңір бойынша аудандық маңыздағы Абай қаласында және сегіз ауылдық округте, сондай-ақ Жезқазған қаласының Кеңгір кентінде тұрғындар өз кандидатына дауыс беріп таңдау жасады. Саяси науқанның қалай өткенін өңірдегі тілшіміз Руслан Нұрланұлы баяндасын.

Тамара Казанцеваның жасы 93-те. Таңертең ертемен өз сайлау учаскесіне келіп дауыс берді. Кейуана талай жыл тұрып, қызмет еткен қаласының гүлдене түсуі тікелей басшыға байланысты деп біледі. Саяси науқанға бей-жай қарай алмапты.

Тамара Казанцева, Абай қаласының тұрғыны:
Біз өз қаламыздың әкімін сайлап жатырмыз. Қаланы дамыта түсуіміз керек. Сондықтан дұрыс басшы таңдаған жөн. Міне көршімді де ерте келдім. Жастарға үлгі болсын деймін.

Жалпы сайлау өткен Абай қаласы мен Жезқазғанға қарасты Кеңгір кенті және ауылдық округтерді қоса есептегенде әкімдікке үміткер 40 кандидат тіркелген. Бәсекелестік үлкен. Мысалы шахтерлар мекені Абай қаласының өзінде әкімдікке кандидат ретінде 4 адам тіркелген. Шаһарда 19 мың тұрғын болса, соның 11600-ден астамы сайлауға қатысты.

Алпыс Нұрбеков, ардагер кенші:
Дауыс бердім. Өзіме ұнаған кандидатқа беріп шықтым. Таныстым бағдарламаларымен. Жақсы екен бағдарламасы. Заманымыз тыныш болсын! Халқымызда жақсылық етіп, қызмет істей берсін!

Абай қаласының сайлау округі бойынша кандидаттар арасынан "Amanat" партиясынан ұсынылған Медеу Ахметов- 8 955 дауысқа, яғни 78,21% басымдылыққа ие болды. Ол бұған дейін осы шаһардың әкімі қызметін атқарған. Жалпы сайлау жоғары деңгейде өтті, -дейді байқаушылар.

Динара Жұмағұлова, байқаушы:
Таңғы жетіден есіктер айқара ашылды. Дәрежесі жоғары, заң бұзушылықтар болған жоқ. Халықтың мынау жылдан-жылға саясатқа деген деңгейі өскені көрінеді.

Сайлау өткен барлық жерде тұрғындардың белсенділігі жоғары болды. Халықта жаңа Қазақстанды құруға деген құлшыныс бар,-дейді сарапшылар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің, әсіресе шалғай жерлердің дамуына тікелей әкімдер жауапты екенін тапсырды. Енді олар халықпен етене араласып, жиі кездесулер ұйымдастыруы қажет.


Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу