Президент жарлығымен үш аймаққа жаңа әкімдер тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент жарлығымен үш аймаққа жаңа әкімдер тағайындалды

07.04.2022

Президент жарлығымен үш аймаққа жаңа әкімдер тағайындалды. Жамбыл облысын басқаруға Нұржан Нұржігітов бекітілді. Оны аймақ активіне Премьер-министр Әлихан Смайылов таныстырды. Жаңа басшы 55 жаста. Бұған дейін Байзақ ауданының әкімі болған. Ал, Бердібек Сапарбаевтың облыстың дамуына, ұлтаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтылды.

Сыр өңірінің де әкімі өзгерді. Жаңа лауазымға Нұрлыбек Нәлібаев тағайындалды. Ол Шиелі ауданы мен Қызылорда қаласының басшысы ретінде қызмет тәжірибесінен өткен. Ал, Гүлшара Әбдіқалықованың маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және әлеуметтік саланы жандандыру жолындағы еңбегіне ризашылық білдірілді.

Сондай-ақ, Атырау облысының әкімі де ауысты. Бұл қызмет Серік Шәпкеновке жүктелді. Оған өңір жат емес. Себебі кезінде Атырау қаласын басқарып, облыс әкімінің орынбасары болған. Күні бүгінге дейін ол еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарды. Ал, Махамбет Досмұхамбетов өңірге басшылық еткен жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуда оң нәтижелерге қол жеткізілді. Премьер-министр экс-әкімге алғыс айтты.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу