ІІ Дүниежүзілік соғыс көрінісі Пушкиногорск жерінде қаз-қалпында сақталған. Шашылған гильза, снаряд, қабырғасы қақыраған окоп, тіпті Кеңес және неміс әскерлерінің киімдері мен сан алуан соғыс құралдары да бар.
Оған осы өңірдегі Пушкиногорье тарихи-мәдени мұражайына барғанда көз жеткізесіз. Бұл жәдігерлерді Сергей Ефимов есімді азамат 40 жыл бойы жинаған.
Соғыс көрінісін біз тек кино немесе деректі фильмдерден ғана білеміз. Ал, шынайы бейнесі мына мұражайда сақталған.
Әскери киімдегі қыз-жігіттердің қимылы мен қара күлгін топырақта айнала шашылған оқ гильзасы, мылтық, тесік каскалар майдан алаңын көз алдыңызға алып келеді.
Мұның барлығы - Сергей Ефимов жасаған диорама.
Сергей Ефимов, мұражай иесі:
Біз соғыстан соң дүниеге келген балалармыз. Осы маңда жалаңаяқ жүгіріп жүріп, тап осы көріністерді өз көзіммен көрдім. Ол кезде шашылып жатқан мина, неміс, Кеңес әскерлерінің мәйіттерінен аяқ алып жүре алмайтынбыз. Сүйектері көмілмей жататын. Мен 10-12 жаста есімде қалғанды ұрпақтар үшін жасадым.
Сергей Ефимов бұл жәдігерлерді 40 жылдан бері жинап келеді. Жасы жер ортасынан асқан шақта келер ұрпақ біле жүрсін деп, былтыр Пушкиногор ауданының неміс-фашист басқыншыларынан азат етілгеніне 70 жыл толуына орай музей ашты.
Қазір мұнда келушілер көп. Ат сабылтып алыстан жеткендердің бірі - Қазақстан делегациясы.
Еркін Нұржау, қазақстандық делегация мүшесі:
Балаларымызға үлгі болсын деп, тарихты білу үшін ертіп келдік. Көпшілікке соғыстың қандай ауыртпашылық алып келетінін көрсеткен.
Сергей Ефимовтің айтуынша, туған топырағының тарихын білмейтін адам – құр қуыс кеуде.
«Жұртшылық қорық, ақын Пушкин туралы біледі. Бірақ, мұндағы поселоктағы өмір соғысқа дейін де кейін де қалай болды, оны ешкім білмейді.
Ауданда бірде-бір тарихи мұражай жоқ. Сондықтан жас буын ел тарихын танысын деп, осындай қадамға бардым», дейді автор.
Жазира ИСАЕВА