Қазақстанда көліктік бақылау саласында заңбұзушылық көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда көліктік бақылау саласында заңбұзушылық көп

05.04.2022

Автокөліктердің техникалық байқау станциясын ашу үшін арнайы комиссияның рұқсат бергені дұрыс. Осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлер бұрынғы жүйені қайтаруды сұрайды. Қазіргі ереже бойынша, техникалық байқау орталығын ашу үшін құзырлы органға электронды түрде хабарлама жіберіледі. Бизнесті бастау жеңілдегенімен, темір тұлпарды көрмей де диагностикалық картаны жаза беретіндер көбейді.

Берік Көшербай, тілші:

Қазақстандағы автопарктің орташа жасы 20 -дан жоғары. Кейбір көліктер тіпті ескі. Мысалы бұл машина 1969 жылғы. Бірақ, иесі күтіп ұстап, үнемі техникалық байқаудан өткізіп тұрғандықтан, темір тұлпары әлі жүріп тұр.

Автокөліктерді міндетті техникалық тексеруден өткізу қызметі 2012 жылы бәсекелестік ортаға берілген. 10 жылда елімізде 1500-ға жуық техникалық байқау станцисы ашылды. Бірақ, олардың арасында тек қағаз жүзінде жұмыс істейтіндер де бар. Яғни, машинаны қарамай ақ жалған диагностикалық карта жаза береді. Былтыр осындай заңсыз кәсіппен айналысқан қылмыстық топ та ұсталды.

Алтынбек Мустафин, кәсіпкер:

Техникалық байқаудан өтуі тиіс көліктердің жартысынан көбі фотошоппен жұмыс істейтіндерге кетіп қалатын. Мұндай жағдай жол қозғалысының қауіпсіздігіне қатты әсер етеді ғой. Бұдан бөлек, адал жұмыс істейтін кәсіпкерлерге экономикалық жағынан да тиімсіз, себебі біз табыстан қағыламыз.

Талапқа сай техникалық байқау орталығын ашу үшін қомақты қаражат керек. Ғимаратты есептемегенде, диагностикалық құрал-жабдық алуға 15-20 миллион теңге қажет. 4 жыл бұрын бұл бизнесті ашу жолы жеңілдеді. Көліктік бақылау саласындағы былықтың көбі осы кезден басталды дейді, кәсіпкер Батыр Тимурзиев.

Батыр Тимурзиев, техникалық байқау станциясының иесі:

Қазір реестрге кіру үшін тек хабарлама жібере салады. Ал мен кезінде осы орталықты ашқанда көліктік бақылау инспекциясынан адамдар келіп, бәрін тексерген. Ғимарат пен құрал-жабдықтарды қарап, олар талапқа сай екенін көрген соң ғана тізімге қосқан. Солай рұқсат беру жүйесі дұрыс болған еді.

Қазақстанда жыл сайын мәндетті техникалық байқаудан 2,5 млн көлік өтуі тиіс. Осы салада тәртіп орнату үшін көлік комитеті бұрынғы жүйені қайтаруға қарсы емес. Бірақ, енді ережені өзгерте алмай отыр.

Жасұлан Маралбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгi көлiк комитетiнің басқарма басшысы:

Министрлік тарапынан осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанына 1 жылдан асты. Бірақ кәсіпкерлік салаға жауапты құзыретті орган біздің ұсынысты қабыл алмады. Өйткені бүгінде жаңа рұқсат беру және хабарлама жасау тәртібін енгізуге мараторий бар.

Соңғы 3 жылда заңды бұзған 400-ге жуық техникалық байқау орталығының жұмысы тоқтатылған. Алайда, оларға қайта ашылуға кедергі жоқ. Яғни, фирманың атауын өзгертіп, жаңа хабарлама жіберіп, жұмысын жалғастыра береді. Көліктік бақылау саласындағы жағдай туралы таяуда Мәжіліс депутаттары да айтты.

Депутат осы саланы жемқорлық жайлағанын айтып, көлікті техникалық байқаудан өткізу талабын мүлде алып тастауды ұсынды. Қазір бұл мәселе арнайы құрылған жұмыс тобының қарауында. Ал кәсіпкерлер сақтандыру агентеріне де назар аударуды сұрайды. Айтуларынша, олар полиске келген көлік иесіне тегін техникалық байқау ұсынуды әдетке айналдырды. Сондықтан кәсіпкерлер бірігіп, заңсыз жұмыс істейтіндерді анықтауға өздері де көмектесе бастапты.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу