Экологтар Ертіс өзенін тексереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экологтар Ертіс өзенін тексереді

05.04.2022

Ертіс өзені толық тексеріледі. Экологтар судан сынама алынғанын хабарлады. Еске салайық, 2 күн бұрын Шығыс Қазақстан облысында жүк пойызы рельстен шығып, кен тиеген 6 вагон Ертіске құлаған. Оның бесеуі шлак, біреуі кен тиегені белгілі болды. Ол қандай кен екені әлі айтылмай отыр. Одан ауаға, суға топыраққа зиян келе ме, жоқ па ол жағы зертханалық тексерудің қорытындысынан соң анықталады. Аймақтағы экологтар мен табиғат қорғау прокуратурасы тексеруді бастап, ведомстворалық комиссия құрылды. Рельстен шыққан 18 вагонның 16-сы «ҚазцинкТемірТранс» деген компанияға тиесілі болса, екеуі Ресейдікі екені мәлім. Темір жол апаты «Өскемен-Күмістау» учаскесінде болған. Бұл Алтай ауданына қарасты аумақ. Мамандар жүк пойызы шамамен сағатына 37 шақырым жылдамдықпен жүргенін хабарлады. Оқыс оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Апаттың нақты себеп салдарын арнайы комиссия анықтайды.

Данияр Әлиев, облыстық экология департаментінің басшысы:

Кен байытудан шыққан қауіпсіздігі төмен қалдықтар болып есептеледі. Ертістің өзіне қатты әсері тиетіндей емес. Бірақ соған қарамастан кеше біз мамандар зерттеуге сынамаға су алдық.Ол ауыр металдардың анализдері қарастырылып, тұрақты түрде жарияланатын болады.


Хабарламаларға жазылу