Елде ветеринария саласы реформаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде ветеринария саласы реформаланады

04.04.2022

Тасқын судан өлген мал егер сақтандырылмаған болса онда оның шығыны өтелмейді. Ал қазір жалпы қарғыннан қырылған түліктің саны есептеліп жатыр. Бүгін үкімет сағатында ветеринария саласын реформалау жайында айтылды. Депутаттар жүйедегі кемшіліктердің кесірінен мал ауруына уақытылы төтеп берілмейтінін жеткізді. Жалпы, мал дәрігерлерінің жағдайы мәз емес.

Бүгінгі ветеринария саласының аты бар да, заты жоқ. Салдарынан аурулар саны артқан. Тіпті, дерт импортталған асыл тұқымды малмен де елге келіп жатыр. Бруцеллез – 2%-ға, вирустық диарея мен инфекциялық ринотрахит – 113%-ға көбейген. Ал сары ауру 5 есе, сібір жарасы 6 есе өсіпті.

Бекқали Торғаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Атырау облысында жылқы малының өлім-жітімі бар. Ол да неден шығып отыр? Егер ол жақтағы тереңірек қарасақ жергілікті жердегі вет дәрігер мамандардың жоқтығынан, вет лабороториялардың жоқтығынан, дер кезінде оның қанын алып, анықтап, ол бурцеллез ба, басқа ма? Әлде бұл қандай өзекті аурулар белгіленбегендіктен біз осындай өлім-жітімге тап болып отырмыз.

Мал жұтаса, ветеринарлардың қалтасы жұқа. Содан салаға сұраныс жоқ. Маман тапшы. Қазір 810 кадр қажет. Онсызда қатары жетіспей жүргенде жүктемелері де реттелмеген. Мысалы, бір ауылда мыңғырған мал болса, енді басқа жерде санаулы саулық. Бірақ, еңбекақылары бірдей.

Ерлан Барлыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ветеринарлық инспекцияның қызметін сапалы жаңа деңгейге көтеру керек. Бұл эпизоотиялық жағдайға, заң талаптарының орындалуына жауапкершілігін арттыру болса, екінші жағынан материалдық – техникалық ресурстармен және арнайы көлік құралдарымен жабдықтау қажет.

Жұмыс жүйелі жүру үшін интернет жүйрік болуы тиіс. Ал, ветеринарлар құжат тасып, уақыт ұттырады. Бірақ, құзырлы министрлік құр уәдеден аса алмай отыр. Жылдан жаңылысатын әдеті тағы бар.

Жылда жырлап, әйтеуір биыл мал дәрігерлерінің жалақысы 33 пайызға өсті. Енді 60 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Ал, еңбек демалысына шықса екі сыйақы төленеді. Ақылы қызмет көрсетіп қосымша табыс табуына да болады. Ветеринар мамандығына ауылдық квотаны 70 пайызға дейін көбейтпек. Бастысы малды сырғалауға салғырттық танытпау қажет. Әйтпесе, сырғаланбаған түліктің қожайыны көп нәрседен құр қалады.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Су тасқынынан болып жатқан мал шығыны негізі сақтандырылмаған жағдайда заңнамада шығын төлеу деген қағидалар жоқ. Сол себепті сақтандырылмаған малдың шығынын өтей алмаймыз.

Ветеринария саласына жан-жақты қолдау жасалады. Қосымша құжат биологиялық қауіпсіздік деп аталады. Ол заң жобасы сенаттың қарауында жатыр.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу