Адам өмірін жалмаған ЖЭС жыры - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Адам өмірін жалмаған ЖЭС жыры

03.04.2022

Бұл 20 наурыз күні Петропавл Жылу электр орталығында болған апат. Салмағы бірнеше мың тонна, ұзындығы 150 метр болатын мұржа қирап, қазандық тұрған цехтың төбесі опырылды. Үйінді астынан екі күннен кейін машинист Наталья Чефонованың денесі табылды.

Юрий Чефонов, Марқұм Н.Чефонованың жұбайы:
Наталья цехте жалғыз болған, мұржа бір-ақ сәтте қирап түскендіктен қашып құтылу мүмкін емес еді деп ойлаймын. Енді кәсіпорын өтемақы береміз деп отыр. Мен ештеңеден бас тартпаймын. Бірақ өзім ештеңе сұрай алмаймын. Өйткені адам өмірін бірдеңемен бағалау мүмкін емес. Әйелімді, баламның анасын енді ешкім қайтарып бере алмайды...

Олар сәуірдің тоғызы отау көтергеніне 20 жыл толуын тойламақшы еді. Енді Юрий жарын еске алып қана отырады. Наталья қолөнерге жақын болыпты. Жұмыстан босағанда сурет салып, тоқыма тоқуды ермек қылады екен. Қазір ол жасаған тоқыма қуыршақтардың өзі мұңайып тұрғандай...

Зоя Стреляева, марқұм Н.Чефонованың әріптесі:
 Наталья өте пысық, еңбекқор, тиянақты еді. Біздің жұмыстағы нұсқаулық адам қанымен жазылған десе болады. Сондықтан қызметкерлер ережені бұзбайды. Міндеттерін бұзатын – тек басшылық. Кеше қираған мұржа 2016 жылы қыруар қаржы бөлініп, құжат бойынша, әйтеуір, жөндеуден өтті деп жазылған. Ал қалай жөнделгенін біз білеміз ғой. Жылу қазандығы тұрған цехтың шатыры да неше жылдан бері қаусап тұрған.

Мұржа құлағаннан екі күн өткен соң станцияның директоры мен бас инженері тұтқындалды. Олардың үстінен «Қызметіне салғырт қарағаны үшін» дейтін бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал күні кеше сол Жылу электр станциясына иелік ететін «Севказэнерго» АҚ-ның бас директоры қамалды.

«Севказэнерго» Орталық Азия Электроэнергетикалық корпорациясының еншілес компаниясы. Оған Форбс нұсқасы бойынша ең бай және ықпалды 50 кәсіпкердің тізіміне кіретін Александр Клебанов пен Сергей Кан иелік етеді. Сол Клебанов мұржаның құлауына бірнеше себеп болуы мүмкін, бастысы – желдің кесірі тиді, деген еді.

Ал кәсіби энергетик, уақытында Оралдағы Жылу электр орталығын басқарған Петр Своик бұл пікірге күле қарайды.

Петр Своик, электроэнергетика саласы бойынша сарапшы:
– Мұржаны жел құлата алмайды. Ол ішінен үгітілгендіктен құлайды. Яғни, от жағу режимі сақталмаса, түтін газы қышқылға айналып, бара-бара мұржаны шірітеді. Оны жылдар бойы қадағаламаса, мұржа құламағанда қайтеді?!

Сол қадағалаудың жоқтығынан ба, Петропавлдағы осы кәсіпорында биылғы жылыту маусымында бес рет апат болыпты. Бұл жолы жылы жаба салудың жөні жоқ. Қазір арнайы комиссия тергеп-тексеріп жатыр. Апат себебі соның нәтижесінде белгілі болады. Ал Петр Своик өзінше ой қорытып көрді.

Петр Своик, электроэнергетика саласы бойынша сарапшы:
– Себебі электроэнергетика саласы мемлекет бақылауынсыз қалды. Ешқандай орган жоқ. Жылу электр орталықтарындағы ахуалды кімнен сұраймыз? Қағаз жүзінде Энергетика министрлігі делінеді. Бірақ ол көбіне мұнай-газ министрлігіне ұқсайды. Электроэнергетикаға қарауға олардың мұршасы жоқ.

Сондықтан сарапшылар Электроэнергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы министрлігін құру керек деп есептейді. Қазір расында, жылу станцияларына жауап беретін нақты орган жоқ. Бірақ тексергіштер көп.

Дархан Әлиақпаров, ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары:
– ЖЭО-ларды бірнеше мемлекеттік орган бақылайды, өз құзіреті шегінде. Энергетика министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, құрылыс саласы, ГАСК дейміз, өрт қауіпсіздігі саласы бар, экология саласы. Кәсіпкерлік кодексте жазылғандай жылына 1 реттен артық тексеруге құқығымыз жоқ.

Кәсіпкерлік кодекске сүйенетініміз сол – жылу электр орталықтарының көбі кәсіпкерлік нысаны саналып кеткен.

Петр Своик, электроэнергетика саласы бойынша сарапшы:
– Кезінде тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын реформалаймыз деп жүріп, коммуналдық шаруашылықты да, электроэнергетика саласын да жеке қолға өткізіп жібердік. Сонда қаланы жылумен, жарықпен, ыстық сумен қамтамасыз етуді біреудің меншігіне беріп, қожайынына пайда көруге мүмкіндік беріп қойдық деген сөз! Мемлекетте тек тариф бекіту құзіреті қалды. Бірақ ол тарифтен түскен қаражат қалай жұмсалып жатқаны жөнінде ақпарат ала алмайды. Яғни түскен қаржыға мұржа жөнделіп жатыр ма, әлде қожайынының қалтасына кетіп жатыр ма – оны бақылай алмайды.

Елімізде 37 жылу электр орталық магистралі бар. Оның 22-сі жеке қолда, 10-ы әкімдіктердің қарауында, ал бесеуі квазимемлекеттік компаниялардың иелігінде. Олардың салынғанынан орташа есеппен 61 жыл өткен. Ал ең алғашқысы 1934 жылы тұрғызылған Семейдегі жылу станциясы. Ескіретіндей-ақ екен.

Дархан Әлиақпаров, ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары:
– Орташа тозу деңгейі 66 пайыз. Ең тозығы жеткен, тозу деңгейі 80 пайыздан асатын жылу орталықтары ол – Орал, Степногорск, Қызылорда және Кентау қалаларының ЖЭО-ы.

Петр Своик, электроэнергетика саласы бойынша сарапшы:
– Кеңес кезінен қалған нысандар ескірді. Енді оларды жөндеу аздық етеді. Қазір олардың қуатын арттыруға да ақша құю керек. Мысалы, Петропавлда 10 жыл бұрын жаңа ЖЭО салу керек еді. Сол сияқты бірнеше қаланы атауға болады. Ал ол үшін қаражат керек. Қаражатты алыстан іздемей-ақ, тарифтің дұрыс жаратылуын бақыласақ та жеткілікті.

Алмас Әбілдаев, энергетика саласы бойынша сарапшы:
– Петропавлдағы объектіні 1961 жылғы дейді. Енді ол ремонттың да өзі тоқтайтын кезі болады ғой. Мүмкін жаңа объект соғу керек шығар. Тариф төмен деп, инвестор келмей жатса, мемлекеттің өзі кірісуі керек қой бұған.

Камалхан Сақыпов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жылу энергетика кафедрасының доценті:
– Жаңа станция үшін көп инвестиция керек. Сосын ол бір жылда салынбайды. 1 мегаватт бұрын 1 млн доллар тұрған. Ал қазір 2 млн кетеді. Сонда станция генерациясы 500 мегаватт болса, ол 1 млрд доллар болады.

Сондықтан әзірге ескі станцияларымызды жамап-жасқап отыра беретін шығармыз. Өйткені жылу электр орталығы дегенді мүлдем білмейтін басқа қалалар да бар. Мысалы, Көкшетау тұрғындары сондай кәсіпорынның салынуын көптен күтіп жүр. Ал станция емес, кішігірім қазандықтың үлкейіп келе жатқан қаланы жылытуға шамасы келмей барады.

Сәрсенбай Сағындықов, Көкшетау қаласының тұрғыны:
– Наурыздан бері жылу жоқ. Қазандықтың бәрі ескі болған соң, тартпай жатыр. Түтіндеп жатқанын көреміз, әйтеуір. Бірақ жылу жоқ. Сондықтан не үлкен қазандық салу керек, не болмаса дұрыстап жөндеу керек.

Айдархан Жолданов, Көкшетау қаласының тұрғыны:
– Бір-екі қазандық тарта ма? Қазір, міне, Көкшетауда қаншама үй салынып жатыр. Жылытқыш пеш жағамыз, жарыққа қанша ақша кетіп жатыр.

«Электроэнергетика – әлеуметтік тауар. Тіпті, нан мен бензиннен де маңыздырақ» дейді бізге сұхбат берген сарапшы Петр Своик. Расында, бұл Форбс тізіміндегі байлардың пайда көретін нарығы болмаса керек-ті. Бұл – халыққа қызмет көрсететін сала. Ал халыққа қызмет көрсететін саланың мемлекет қадағалауынан неге тысқары қалғаны тіпті де түсініксіз. Әлде түсінікті ме?

Алмас Әбілдаев, энергетика саласы бойынша сарапшы:
– Халық білмейді ғой, ЖЭС жаңа ма, ескі ме, оған жарық пен жылу беру керек, болды.

Данияр Қайыртай, Эльмира Қаленова, Бахтияр Омар

Хабарламаларға жазылу