Диқандар Ресейден астық тұқымын жеткізе алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Диқандар Ресейден астық тұқымын жеткізе алмай отыр

01.04.2022

Қостанай облысының диқандары Ресейден 7 мың тоннадан астам астық тұқымын жеткізе алмай отыр. Бірқатары оның ақшасын да төлеп қойған. Жалпы облыста тұқым қоры жеткілікті, бірақ бағасы қымбат. Сондықтан былтырғы құрғақшылықың кесірінен шығынға батқан шаруалардың оны сатып алуға қаржысы жоқ.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Егін бітік шығу үшін біріншіден жерге еккен дән сапалы болуы керек. Біз қазір Қостанай облысындағы жоғары сұрыпты тұқым дайындайтын шаруашылықтардың бірінің қоймасында тұрмыз. Мына жатқан «Омский 18» деп аталатын бидай тұқымы. Оның ерекшелігі құрғақшылыққа төзімді, қамырлылығы жоғары және әрине, өнімді мол береді.

Бұл шаруашылық биыл мың тонна элиталы тұқым сатқан. Құны – әр тоннасына кем дегенде 180 теңгеден келеді. Жалпы облыс бойынша биыл 530 мың тонна тұқым керек. Мамандардың айтуынша қажетті қор жеткілікті. Алайда, тұқым тым қымбат.

Мереке Смағұлов, шаруа:

Мысалы орыстар бізге тұқымды 150 мың теңгеден берсе, бізде 180 мың теңгеден кемі жоқ 2 репродукция. Элиталар 200 мыңға шығып кетті. Неге десеңіз жәй тауарлы бидай әлемдік нарықта 400 дорлларға кетіп қалды.

Ресейден 8 мың тоннаға жуық арзан тұқымды биыл Қостанай облысындағы 101 шаруашылық сатып алыпты. Бірақ оны шекара асырып жеткізу мүмкін болмай тұр. Себебі көрші ел астық экспортына тиым салған. Сондай-ақ былтырғы құрғақшылықтың кесірінен шығынға батып, тығырыққа тірелгендер де бар.

Татьяна, шаруа:

Бірқатар диқандардың айналымында қаржы қалмаған. Егісті уақытында бастау үшін қазірден тұқым, жанар-жағармай сатып алып, жұмысшылардың жалқысын төлеуі керек. Үкімет тарапынан қолдау болмаса олардың халі мүшкіл.

Жергілікті мамандар мұндай шаруашылықтарға жеңілдетілген несие беру жолдары қарастырылғанын айтады. Биыл көктемгі егісті қаржыландыруға облыс бойынша 26 млдр теңге бөлінген.

Нұрсұлтан Қабделов, Қостанай облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

Агроөнеркәсіпті қаржыландыру бағдарламалары бар. Азық түлік келісім шарт корпорациясы немесе Қазагрокредит корпорациясы арқылы несие беруге мүмкіндіктері бар.

Ал сатып алынған тұқымды шекарадан өткізу жолдары қазір Ресей мен Қазақстан Үкіметтері арасында қарастырылып жатыр. Мамандардың айтуынша бұл мәселе жуық арада оң шешімін табуы тиіс.

Дәуренбек Әбідбек


Хабарламаларға жазылу