Оңтүстік Қазақстан облысында көне қорғанның орны бұзылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысында көне қорғанның орны бұзылуда

10.07.2014
Оңтүстік Қазақстан облысында көне қорғанның орны бұзылуда

Қазақтың көне тарихын зерттеуші археологтар  дабыл қағуда. Шымкентте тарихи маңызы бар «Патша Қорған»  ескерткішінің орны бұзылып жатыр. 

Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институт  директорының айтуынша, «Патша Қорған» деп аталатын аумақта  қазба  жұмыстары жүргізілмей жатып, бұл аумақ жекенің меншігіне өтіп кеткен.  

Шымкент маңындағы аумақты жекешелендіріп алған кәсіпкер қазір құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ірі сауда нысаны салынатын  жерде шұңқыр қазып, ғимарат салудың қамына кіріскен. Алайда, тарихшылар бұл жұмыстардың заңсыз жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Олардың айтуынша, сонау IV ғасыр  мен  І ғасыр аралығында бұл  жерде «Патша Қорғаны» болған.  «Оны толық  зерттемей жатып, жергілікті билік жерді жекеге бермеу керек еді»,- дейді.

Бауыржан Байтанаев, Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институттың директоры:

 Бұл жерде 2 мың жыл бұрын қорған болған. 1 мың жылдан кейін қарауыл төбе салынған. Бұл жерде ешқандай құрылыс жұмыстарын жүргізуге болмайды. Заң бойынша тыйым салынған. Құрылыстар тек қана археологиялық қазбалардан кейін немесе Үкіметтің арнаулы Қаулысынан кейін салуға болады.

Тарихшылар  археологиялық жағынан құнды ескерткіш саналатын жерді қалай жекенің қолына беріп жібергенін түсінбей дал.

 Тарихи маңызы бар бұл жер  2007 жылы қала әкімінің шешімімен кәсіпкерлерге берілген. Сорақысы сол, қазір «Патша Қорғаны» болған 3 гектардай аумақ 12 адамның еншісінде. 

Ал, солардың ішінде  алғашқы құрылыс нысанын салып жатқан кәсіпкер қалалық Сәулет және құрылыс бөлімінің рұқсатын алмаған болып шықты.

Бахадыр Нарымбетов, қала әкімінің орынбасары:

Бүгінгі таңда заң бөліміне қала әкімі тарапынан нақты тапсырмалар берілді. 2007 жылы осы жерлер жеке меншікке өткен. Егер де осы заңсыз деп табылатын болса, біз оны мемлекеттің мұқтажы үшін қайтару жағын қарастырамыз.

Қала басшылығы археологтардың пікіріне толық қосылып, мемлекет қорғауындағы тарихи ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз етпек. 

«Қажет болған жағдайда, соттасудан да тайынбаймыз», дейді.

Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу