Ақтөбеде тарихи нысандар сатылып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде тарихи нысандар сатылып кеткен

31.03.2022

Ақтөбе билігі қалада қанша тарихи маңызды ескерткіш барынан бейхабар болып шықты. Биылға дейін әкімдік тізімінде тек 9 нысан болса, прокурорлық тексерістен кейін олардың қатары 36-ға жетті. Ғасырдан астам тарихы бар ғимараттардың дені күтім көрмей, әбден тозған. Ал, кейбірі тіпті жекенің қолына өтіп, сауна мен мейрамханаға айналған. Тарихи нысандардың жағдайын Жақсыбек Кемал көріп келді.

Жақсыбек Кемал, тілші: 
Тарихи маңызы бар нысандардың қатарында салынғанына 100 жылға жуықтаған екі қабатты тұрғын үйлер де бар. Дегенмен, олардың көбі тарихи бет-бейнелерінен айырылған. Кейбірінің жанынан мынадай қосымша құрылыстар бой көтерген.

Өкініштісі, мұндай ғимараттардың дені жекенің қолына өтіп кеткен. Мәселен, 127 жыл бұрын салынған қыздар мектебінің ғимараты қазір мейрамханаға айналған. Өлкетанушылардың айтуынша, сатылып кеткен мұндай нысандардың ішінде ТМД аумағында теңдесі жоқ бірегей ғимраттар бар.

Роза Балдығарина, өлкетанушы:
Мысалы 1895 жылы қыздарға арналып салынған. Қазақстан түгілі Ресей империясындағы қыздарға арналған мектептің біреуі. Мықты бір өкінішім осы ғимараттар өзінің функциясын атқара алмай қалғандығы. 

Ақтөбеде осы уақытқа дейін қорғауға алынған нысандардың саны онға да жетпейді. Яғни, ескі нысандардың іздеушісі болмаған. Арнайы талдау жүргізген прокурорлар қосымша 27 ғимаратты анықтады. Енді олар тарихи маңызы бар нысандар тізіміне алынуы тиіс.

Ғасырдан астам тарихы бар көне ғимараттың бірі – бұрынғы облыстық өлкетану мұражайы. Соңғы төрт-бес жылда қатты бүлініп, қаңғыбастардың жайлағанын былтыр көрсеткен едік. Содан кейін ғана жергілікті әкімдік аумағын қоршап, жөндеуге кірісті.

Мәншүк Балмағамбетова, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары:
Картография жасалды. Біздің қала маңыңда 168 ескерткіш бар, соның бәрі картаға енгізіліп жатыр. Жалпы ол жұмыс басталды, былтыр, қазір жалғасын табуда. Бірінші сыртқы келбеті және ішінде маңызды құрылыстар болып жатса, соның бәрі сақталуы тиіс.

Жалпы Ақтөбе қаласы бойынша 168 археологиялық нысанның нормативтік құжаттары жоқ. Яғни, ол ғимараттар кез келген уақытта бұзылып, тарихи келбетін жоюы мүмкін. Сондықтан олқылықтарды жоюға нұсқама берілді.

Жаксыбек Кемал 

Хабарламаларға жазылу