Ресей әскері оңтүстіктегі порттық қала Мариупольді бомбалауды күшейтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей әскері оңтүстіктегі порттық қала Мариупольді бомбалауды күшейтті

24.03.2022

Ресей Украинада төрт аптада 7 мыңнан 15 мыңға дейін жауынгер жоғалтқан. Мұны НАТО Киев таратқан деректерге және барлау мәліметтеріне сүйеніп хабарлады.

Ресей қорғаныс министрлігі Украиндағы әскери жанжал кезінде 498 адамының қаза болғанын соңғы рет наурыздың 2-де мәлімдеген.

Соңғы мәліметке қарағанда, Украина армиясы Киевтің маңындағы Макаров және Мощунь қалаларын қайтарып, Ресей әскерін Буча, Ирпин қалалары маңын қоршауға алуға жақын. Украина тарапынан қанша жауынгер өлгені белгісіз. Бірақ, екі апта бұрын президент Владимир Зеленский қарулы күштер қатарында 1300 қызметкердің мерт болғанын хабарлаған.

Қазір Ресей әскері оңтүстіктегі порттық қала Мариупольді бомбалауды күшейтті. Әлем ақпарат құралдарының хабарлауынша, қаладан 100 мыңдай адам шыға алмай жатыр. Кейбір бақылаушылардың сөзінше, Украина армиясында қару-жарақ пен оқ-дәрі таусылуға жақын. Мәскеу болса, бұл жанжалға қосымша адам мен техника тартып, батыстағы көршісін қайтсе де бағындыруға күш салып жатыр.

Арыстан Рысбек



Хабарламаларға жазылу