Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да ұсталды

20.03.2022

Айтпақшы кеше 19 наурызда Н.Назарбаевтың мерзімінен бұрын қызметінен кетіп, Президент қызметін атқаруға Қ.Тоқаевтың кіріскеніне 3 жыл толды. «Бірінші Президент» және «Екінші Президент» деген тіркестер өзектілігін «Қаңтар оқиғасынан» бастап жойды деп жазып жатыр, сарапшылар. Басты аргумент - бұрынғы Президенттің туысқандары мен үзеңгілестерінің қызметтерінен кетіп, кейбірінің ұсталғаны.

Дариға Назарбаева Мәжіліс депутаттығынан, күйеуі дейтін Қайрат Шәріпбаев «ҚазақГаз» компаниясының басшысы қызметінен кетті. Әлия Назарбаеваның қатысы бар «Оператор РОП» компаниясы утильдік алым алу құқығынан айырылды, оның күйеуі Димаш Досанов «ҚазТрансОйл» компаниясының басқарма төрағалығынан кетті. Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш ҰҚК төрағасы орынбасары қызметінен босатылды. Ал осы аптада тағы бір немере інісі Қайрат Сатыбалды 15 наурыздағы сот санкциясы бойынша 2 айға қамауға алынды. Оны өткен жексенбіде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметін асыра пайдаланды және «Қазақтелекомнан» қомақты қаржы жымқырды деген күдікпен тұтқындаған еді. Агенттік хабарламасында Қайрат Сатыбалдының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін өзге де қылмыстарға қатысы тексеріліп жатқаны жазылған.

Осы аптада оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да ұсталды. Оған байланысты бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу күдігі бойынша тергеу жүріп жатыр.

Ал 17 наурызда Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы бизнесмен Қайрат Боранбаевтың тұтқындалғаны туралы ақпарат таратты. Ол квазимемлекеттік сектордан қомақты қаржы жымқырды деген күдікке ілінген. Басқа кәсіптерін былай қойғанда, Боранбаевтың Қарағандыдағы фармацевтика кешені құрылтайшыларының бірі екенін айта кетейік. Спутник V вакцинасының лизенциясын алып шығарған.

Қаңтар айында бейнеүндеу жасаған Н.Назарбаев «Саяси элита арасында қандай да бір қарама-қарсы тұру, кикілжің жоқ» деген. Сөйтіп өзінің мәртебесін «зейнеткермін» деп сипаттаған. Біріншісіне ешкім сенген жоқ. Екіншісіне келсек, солай сияқты.

Осы жерде айта кететін бір дерек – Jusan Bank деген банк бар, Назарбаев қорына барып тірелетін, соның топ-менеджерлері 2020 жылы 15 млрд теңге бонус пен жалақы алған. Және ол есепті заңды өрескел бұзып бір жылдан кейін беріп отыр. Банкте 3 мың адам жұмыс істейді, алайда жалақы қорының 42 проценті оншақты ғана топ-менеджерге кеткен.


Хабарламаларға жазылу