Түркістан облысы: Мемлекет тарапынан жанар-жағармай жеткізілмегендіктен шаруалар егіс жұмыстарын бастай алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы: Мемлекет тарапынан жанар-жағармай жеткізілмегендіктен шаруалар егіс жұмыстарын бастай алмай отыр

18.03.2022

Түркістан облысы, Жетісай ауданының шаруалары көктемгі егіс жұмыстарын бастай алмай отыр. Себебі, мемлекет тарапынан диқандарға берілетін жанар-жағармай жеткізілмеген. Ал, қыстыгүні қырыққабат еккендер тыңайтқыштардың қымбаттап кеткенін айтады. Жер жыртып, тіршілік еткендер кешегі Президент Жолдауынан кейін нақты көмек болады деген үмітте.

Үтіртөбелік шаруа Сәулебек Шағырбаев 1,5 гектар жерге қырыққабат еккен. Көкөністің осы түрін жылда өсіретін диқан екі айда қыруар қаражат жұмсаған. Тапқан таянғанын тауысып, енді тыңайтқышқа ақша таппай отырмын, - дейді.

Сәулебек Шағырбаев, шаруа:

Қазірге дейін 1,5 млн теңге шығын кетті. Енді бұған тағы да жанар-жағармай керек. Селитра керек өнім алу үшін, енді барлық нәрсе қымбаттап кетті. Біз қазір шығынға жұмыс істеп жатырмыз шынын айтқанда.

Ауылда 200-ден аса шаруа қожалығы бар. Ондағы диқандардың басым көпшілігі көктемгі егіс жұмыстарын бастай алмай отыр. Шаруаларға тыңайтқыштар мен жанар майды сатып алу қиынға соғып тұр. Ал, ағын судың бағасы текше метріне 300 ден 870 теңгеге бір-ақ көтерілген.

Рақмет Қожаберген, шаруа:

Селитра берейін десек 360 теңге болып кетті. Өзбекстаннан келетін селитра. Ал өзіміздің Қазақстанның селитрасы 280 болып жатыр келісі. Ертең тамызда берген селитраныне істейміз? Келесі жылға сақтай алмаймыз, қатып қалады.

Өзекті мәселеге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шаруаларға дер кезінде жеңілдетілген тыңайтқыш пен жанар майды жеткізуді тапсырғаны белгілі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

Көптеген шаруалар егіске әлі дайын емес. Үкімет пен әкімдіктер бұл жұмысты ерекше бақылауға алуға тиіс. Шаруалардың қажетті жанар-жағармайды қолайлы бағамен алуын қамтамасыз ету керек. Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығын, тұқым мен тыңайтқыш қорларын қайта тексерген жөн.

Жетісайдың ауыл шаруашылығына жауапты мамандары тыңайтқыш шығаратын отандық компания бағаны үш есеге дейін көтеріп жібергенін алға тартады. Яғни өткен жылы тоннасы 73 мың теңге тұратын селитра биыл 206 мың теңге. Облыс тарапынан арнайы қаулы шықса, мәселе тез арада шешілер еді, - дейді олар.

Марат Әбуов, Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Қаулыда шекті бағасы мен шаруаларға субсидиялау нормасы белгіленеді. Яғни қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шаруалардың сатып алған минералды тыңайтқыштарын елу пайызы субсидияланады. Шаруаларға тағы бір жолы бар. Қазіргі кезде толық құнына сатып алып, кейін оның субсидиясы тікелей шаруаның есепшотына түсетін болады.

Ал, арзандатылған жанар-жағармай шаруаларға енді ғана таратыла бастады. Ауданда үш оператор белгіленді. Солярканың литрін 195 теңгеден сатуы тиіс. Бұл баға нарықтағыдан 30 теңгеге арзан. Ал, Үтіртөбелік диқандарға алдағы аптаның ішінде жанар май жеткізіледі.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу