Ресейде санкциялардың салдарынан 100 мыңнан астам адам жұмыссыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде санкциялардың салдарынан 100 мыңнан астам адам жұмыссыз қалды

18.03.2022

Ал Ресейде санкциялардың салдарынан жүз мыңнан астам адам жұмыссыз қалды. Жаһандық алпауыт инвесторлар, компаниялардың елден кетуі жалғасып жатыр. Рубль күн сайын құнсызданып барады. Лондон қор биржасында сатылатын ресейлік акциялар қазір 90%-ға арзандаған. Ресей қор нарығы екі аптадан бері жабық екенін ескерсек, халықтың әлеуметтік жағдайы әлі де қиындай түсуі мүмкін. 

Жасы жетпістен асқан Зинаида Колесникова бар ғұмырын бала оқытуға арнаған. 20 мың рубль зейнетақы алады, алайда соңғы кездері қанша үнемдегенімен азық-түлікке жеткізе алмай-ақ қойды. Амалсыздан көшеге шығып, киім сатуға мәжбүр.

Зинаида Колесникова, зейнеткер:

Қазір бәрі қымбаттап кетті, дүкенге барып ет алғым келген, бірақ бағасын көріп, сыртынан әшейін қызығып қарап кеттім. Қымбатшылықтың кесірінен киімдерімді сатуға шықтым. Бүгін ақша тапсам балық сатып алғым келеді.

Ресейде екі аптадан бері әуе билеттерінің бағасы аспандап кетті. Өйткені ұшақ жоқ. Жұмысынан айырылған еңбек мигранттары үйлеріне қайта алмай жүр. Шыңғыс - Қырғызстан азаматы, Мәскеуде курьер болып істейді. Келер айдан бастап пәтерақыны төлеуге де ақша жетпейді, - деп налиды.

Шыңғыс Жолдошев, мигрант:

Жұмыс аз, барлық жерде қысқарту. Бұрын бір күнде 5 мың рубль тапсам, қазір мың рубль ғана. Қосымша жұмыс істейін десең, оған да мүмкіндік жоқ. Елге ақша жібере алмай жатырмыз. Себебі шектеу қойылған, ал «Western union» жабылып қалды. Енді басқа мемлекеттерден жұмыс іздеймін.

Санкциялардың кесірінен Ресейде жүз жылдан бергі ең ірі дефолт болуы мүмкін. Бағалы қағаздар құнсызданып, дағдарыстан шығу үшін жинаған қаражат қоры АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания және Канада банктерінде бұғатталды. Батыс санкцияларының салдарынан Ресей 300 млрд доллар жоғалтты. Бұл алтын-валюта резервінің жартысына жуығы.

Индира Бегайдар, тілші:

Ресейде жылдың соңына дейін тоғыз миллион адам жұмыссыз қалады деген болжам бар. Өйткені қазірдің өзінде іргелес елден 300 шетелдік компания кеткен. Азық-түлік, күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы шамамен 43 пайызға өсті. Visa, Master card жүйелері істен шықты.

Қазір Ресейде азық-түлік тапшы. Ішкі нарыққа қажет өнімдердің 40 пайызын Еуропадан алатын мемлекет Батыстың азық-түлігінен бас тартқалы бос қалған нарықты толтыра алмай жатыр. Дүкен сөрелерінде қант, қарақұмық жоқ. Өзге елдермен байланыс үзілгелі дәрі де қат, болғанның өзінде 3 есе қымбат.

Виолетта Богатова, Міндетті медициналық сақтандыру қорының өкілі:

Ресей мен Азия әрқашан стратегиялық серіктес. Сондықтан дәрі-дәрмекті шығаруды, өндіруді жандандырамыз деп үміттенеміз. Кейбір шикізат бізде жоқ, алайда толық өзіміз өндіре аламыз деп ойлаймын.

Ресей үкіметі ел экономикасын қолдауға бағытталған құжатты ұсынды. Онда 100-ден астам шара жоспарланған, жалпы құны 1 трлн.рубльден асады. Ал сарапшылар 15 сәуірден соң азық-түлік 74 пайызға қымбаттап, 5 млн мигрант еліне қайтады деп болжап отыр.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу