Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградаларды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградаларды тапсырды

18.03.2022

Наурыз мерекесі қарсаңында Президент жарлығымен еліміздің бірқатар азаматы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың арасында әлеуметтік, мәдени, денсаулық сақтау, бизнес саласына және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге үлес қосқандар бар. «Қазақстанның еңбек ері» атағы жазушы Илья Жақанов пен Тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановқа берілді. Ақын Светқали Нұржан «Отан» орденімен марапатталса, Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков пен Нұрлан Оразалинге Бірінші дәрежелі Барыс ордені табыс етілді. Үшінші дәрежелі Барыс орденін алғандардың қатарында Дәулет Тұрлыханов, Жансейіт Түймебаев бар. Ал Парламент депутаттары Берік Әбдіғали мен Еділ Жанбыршинге Парасат ордені бұйырды. Құрмет орденіне 94 адам ие болса, 25 ерен еңбегі үшін медалі таратылды. «Шапағат» медаліне 68 волонтер, меценат және басқа да азаматтар ие болды.

Жандарбек Мәлібков, сәулетші, Мемлекеттік Елтаңбаның авторы:

Елдікті білдіретін Елтаңбаның айналасында, туымыз, байрағымыз биіктене көріне берсін, Әнұранымыз шырқала берсін. Дәулетті де сәулетті елге айналайық.

Дәулет Тұрлыханов, ҚР Күрес федерациясының президенті:

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әр өңірінен, әр салада жүрген азаматтарды жинап, марапаттап жатыр. Бұл дегеніміз әр азаматқа елге, жерге сіңірген еңбегін бағалау деп білем.


Хабарламаларға жазылу