Мариупольде театр ғимараты бомбаланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мариупольде театр ғимараты бомбаланды

17.03.2022

Мариупольде тұрғындар паналаған театрға әуеден соққы жасалды. Мұны Украина Ресей әскери әуе күштерінен көріп отыр. Ал Ресей Қорғаныс министрлігі ғимаратты Украинаның «Азов» батальоны» жарып жіберді деп мәлімдеді. «Би-Би-Си»-дің хабарлауынша, қақтығыс басталғалы қалада 2400-дей тұрғын қаза тапқан. 400 мыңдай адам ас-сусыз, жарықсыз, жылусыз отыр. Ал, Черниговта соңғы 24 сағатта 53 адам мерт болды. Оншақты тұрғынды нанның кезегінде тұрғанда ресейлік жауынгерлер атып тастаған.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Черниговта басқыншылар бейбіт тұрғындарды атып тастады. Елестетіп көріңізші, 10 адам қаза тапты. Мариупольді қоршауға алған Ресейдің ұшақтары әдейі қала орталығындағы драма театрға аса қуатты бомба тастады. Жүздеген адам қаза тапты. Ғимарат қираған, құрбандардың саны әзірге белгісіз.

Зеленский Конгресс пен Бундестагқа видеоүндеу жолдады

Дегенмен, Мәскеу бұл ақпараттарды жоққа шығарып отыр. Президент Владимир Зеленский болса, бүгін неміс парламентіне видеоүндеу жолдап, Германия басшылығын Ресеймен қатынаста экономикалық мүдделерді бәрінен бұрын қояды деп айыптады.

Мұның алдында Украина лидері АҚШ Конгресі алдында видеобайланыс арқылы сөз сөйлеп, елінің аспанын ұшуға болмайтын аймақ деп жариялауды, Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуді және Украинаға қажетті қару-жарақ жеткізуді сұрады.

Байден Путинді «әскери қылмыскер» деп атады

Президент Джо Байден Украинаға қосымша 800 млн доллар бөлінетінін мәлімдеді. Бұл қаражатқа Украина армиясы мен тұрғындары үшін 9 мыңдай танкіге қарсы жүйе, дрондар, автоматтар, граната атушылар, зеңбіректер сатып алынады. Және де Байден журналистердің сұрағына жауап бере отырып, Ресей президентін тіпті «әскери қылмыскер» деп атады.

Джо Байден, АҚШ Президенті:

Менің не айтатынымды сұрадыңыз ба? Әй, мен оны әскери қылмыскер деп ойлаймын.

Кремль Байденнің мәлімдемесін «кешірілмес риторика» деп атады

Кремль Байденнің бұл мәлімдемесін "қабылданбайтын және кешіруге болмайтын" риторика деп атады. Осыған дейін Путин Ресей аймақтарын әлеуметтік-экономикалық қолдау туралы кеңесте Украина мәселесін қозғаған. Сол жиында Кремль басшысы батыс елдері қару-жарақтың жаңа партиясын жеткізе отырып, Украинаны қантөгіске итермелейді деп ескерткен.

Арыстанбек Рысбек 

Хабарламаларға жазылу