Бүгін – Астана күні! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Астана күні!

06.07.2014
Бүгін – Астана күні!

Бүгін – Астана күні. Ұлттық арнада - «Жаңалықтардың» арнайы шығарылымы. Барша қазақстандықтарды мемелкеттік мерекемен құттықтаймыз!   Осыдан 16 жыл бұрын алғаш рет қала күні аталып өтті.

Қарыштап дамып келе жатқан Астананың төл мерекесінің жыл өткен сайын мәні мен маңызы артып келеді. Мерейлі күн еліміздің барлық өңірінде тойланып жатыр. Ал елордағы шаралардың дені бас қаланың  сол жағалауында өтуде.

Солардың бірі - «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты көшпенділер өркениетінің фестивалі. Жылдағы дәстүрмен «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығының маңында этноауыл бой көтерді.

Берік Көшербаев, тілші:

Көшпенділер өркениетін насихаттайтын бұл фестиваль Астанада осымен жетінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Бүгінгі күннің мәдени шаралары ресми түрде  осыдан 1 сағат бұрын ғана басталды.

Күні бойы мұнда әртүрлі концерттер өтеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қолөнер шеберлері қазақ халқының төл мәдениеті мен өнерін паш етуде. Олар жұртшылыққа өздері жасаған туындыларды тек көрсетіп және сатып қана қоймай, қызығушылық танытқан адамдарға кәсібінің қыр-сырын үйретіп жатыр.

Берік Көшербаев, тілші:

Өздеріңіз көргендей, фестивальге келген халықта есеп жоқ. Ертерек келген қонақтар концерт тамашалап отыр, кейбіреуі, міне, цирк қай жерде болатынын іздеп жүр. 

Арнайы алаңда тігілген киіз үйлерден қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татуға болады. Бүгін ауа райы да сондай тамаша болып түр, халықтың көңіл-күйі керемет. Бұл жердегі мәдени шаралар кешке дейін жалғасады.

Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу