Би – түзу, билік – әділ болсын. Жолдаудың – түпкі мәні осы. Президент еркін елдің ертеңін адам құқының қорғалуы және заң үстемдігімен байланыстырады. Әлбетте бұған ата заң кепіл. Тек құқықтық органдардың шешімі немесе кей заң актісі негізгі құжатқа сай келмесе ше? Ондай күмәнді істерді Конституциялық сот қарауы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санаймын. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын.
Қазір түрлі құқықтық нормаларды Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ, азаматтар ол органға тікелей жүгіне алмайды. Сондықтан адамдардың арызын қарайтын орган болуы – заң үстемдігінің бір белгісі.
Үнзила Шапақ, ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі:
Конституциялық сот – ол конституциялық бақылау органы болады. Қазақстан территориясында конституциялық норманың жоғары тұруын қамтамасыз ететін орган. Конституциялық сот шешімі ең жоғары күші бар нормативтік құқықтық акті саналады. Бұл қайта аппеляцияға жатпайтын құжат.
Жұртшылық қана емес, Бас прокурор мен адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігі берілмек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Сондай-ақ, институтционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Оған қоса, азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі.
Жоғарғы сот кеңесінің байқау рәсімдері онлайн көрсетілуі керек
Конституциялық сот тәуелсіз болуы – міндет. Сол үшін төрағалары мен мүшелері партиядан шығарылады. Аталған органның төрағасын Сенаттың келісімімен Президент тағайындайды. Негізі заң органдарының қадірі – әділ әрі білікті кадрына қарай артады. Демек, жоғарғы сот кеңесінің байқау рәсімдері онлайн көрсетілуі керек. Бұл қоғам алдындағы ашықтық үшін қажет. Прокуратура және адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы заң қабылдау да маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл құжаттар заң тәртібін күшейтуге және құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін қажет. Барлық деңгейдегі соттар шын мәнінде тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Мемлекет осыған орай ауқымды жұмыс жүргізуде.
Азаптауға байланысты қылмыстар бас прокуратураға жүктелді
Прокуратураға екі міндет жүктелді. Алғашқысы азаптауға байланысты қылмыстарды қарау. Бұл тәсіл тергеудегі ашықтық пен бейтараптықты қамтып, бассыздық үшін жаза кесілетінін көрсетеді. Бұдан бөлек әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесін жіті зерделеп, шешуді тапсырды.
Ирак Елекеев, ҚР Еңбек сіңірген заңгері:
Сосын үлкен мәселе. Сот саласына байланысты мәселе. Мынау алқа билер соты. Бізде ол заң бар. Бұның өзі қолданатын 5-6 бап еді. Енді осыны Тоқаев мырза айтып қалды санын көбейтеміз. Болашақта оның сапасы көбейеді.
Өлім жазасын түпкілікті жою үшін конституцияға өзгеріс енгізу керек
Жолдауда өлім жазасын түпкілікті жою мәселесі де қамтылды. Президент оның күшін жоюды көздейтін екінші факультативтік хаттамаға қосылғанын және адам құқықтары саласындағы жарлыққа қол қойғанын айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Менің азаматтардың негізгі құқықтарын қорғауға ерекше назар аударатынымды білесіздер. Алайда, құқық қорғау проблематикасы үнемі жетілдіруді талап етеді. Өлім жазасын жою туралы шешімді түпкілікті бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгерістер енгізу керек деп санаймын.
Күштік құрылымдардың беделіне нұқсан келмеуі керек
Қасым-Жомарт Тоқаев «қаңтар оқиғасында» қаймықпай қарсы тұрған сақшыларға да арнайы қайырылды. Ризашылығын білдірді. Сатқындардың опасыздығы күштік құрылымдардың беделіне нұқсан келтірмеуі тиіс деді.
Нысаналы Ығыл