Жолдау: Президенттің өкілеттігі қысқарып, Парламенттің рөлі артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолдау: Президенттің өкілеттігі қысқарып, Парламенттің рөлі артады

16.03.2022

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында саяси жүйені жаңғыртуға қатысты тапсырма көп. Соның негізгісі Президенттің өкілеттігін қысқартып, Парламенттің рөлін арттыру. Супер президенттік басқарудан бас тартуға не себеп?

Досжан Маратұлы, тілші:
Президент бұл жолғы Жолдаудың ауқымы кең, мазмұны бөлек, арқалайтын жүгі ауыр деді. Негізінен ол саяси реформаларға негізделген. Өйткені онсыз елде әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес деді Мемлекет басшысы. Сонымен басты өзгеріс 30 жыл бойы орныққан басқару жүйесін жаңғырту. Яғни бұдан былай супер президенттік басқарудан бас тартып, Парламенті мықты президенттік республикаға айналуымыз керек. Өйткені ешкім де ештеңе де бір орында тұрмайды. Қоғам да, талап та өзгеріп жатыр деді Президент. Сол үшін депутаттар ешкімнен қымсынбай, биік мінберден халықтың мұң-мұқтажын ашық айып, елдің өркендеуі жолында белсенді болуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымзды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет қағидатын басшылыққа аламыз.
Яғни алдағы уақытта Президенттің өкілеттігі қысқарады. Өйткені қазір барлық мәселе Мемлекет басшысына байлаулы деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сол үшін «Аманат» партиясын басқарудан бас тартты. Бұл партиялар арасындағы бәсекелестікті арттырады. Әрі әкімдер мен оның орынбасарлары да қазіргі билік партиясының құрамында болмауы керек. Тіпті Президенттің туған туыстарына мемлекетік лауазымды қызметтерге тағайындалуына заңмен тыйым салынбақ. Ал Парламенттің рөлі артады. Бұл саяси мадернизация жасап, ойын тәртібін өзгертеді деді Тоқаев. Әрі қоғамды демократизациялауға жол ашады. Қысқасы Жолдау жаңа Қазақстанның іргетасы дейді сарапшылар.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу