Украинадағы Қазақстан азаматтары мінген бесінші рейс бүгін Алматыға қонды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадағы Қазақстан азаматтары мінген бесінші рейс бүгін Алматыға қонды

15.03.2022

Украинадағы Қазақстан азаматтары мінген бесінші рейс бүгін Алматыға қонды. Польшаның Котовице қаласынан эвакуацияланғандар қатарында қариялар, балалармен қатар Украина және Польша елінің азаматтары бар.

Нұрсұлтан Тілектесов, тілші:

Украинадан эвакуацияланғандар Алматы әуежайына дін аман келіп қонды. Оларды қазір жақындары қарсы алуға әзірленіп жатыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, борттағы 89 адамның 32-сі Украинаның және біреуі Польша елінің азаматы.

Қанды қақтығыстан өмірінің астан-кестеңі шыққан бұл азаматтар қасиетті жерді бастық деп қуанып жатыр. Осы сәтті сарғая күткендерін де айтады. Ұшақтан түсе сала жақындарын ыстық құшағына алып, көзіне еріксіз жас алды.

Елге оралған азамттардың сөзінше, қазір Украинада жағдай қиындай түскен. «Тереземіздің тұсында жарылған зымырандарың дауысы әлі құлағымызда», - дейді олар.

Ярослав Фендриков, ҚР азаматы:

Украинада болып жатқан жағдайды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өте қорқынышты. Тозақ дерсің. Отандастарымызға Қазақстанда нық орныққан бейбітшілікті бағалайық дегім келеді. Біздің елге оралуымызға мүмкіндік жасаған Президент пен елшілікке алғыс айтамын.

Наталья Исоченко, ҚР азаматы:

Кейбіреулер Украинада болып жатқан оқиғаларға сенбейді. Менің ол жақта ұлым, қызым мен күйеуім қалды. Төл құжатымды ауыстыруға келдім. Шаруамды бітірген соң Украинаға қайта баруым керек. Маған жағдай жасаған Қазақстан елшілігіне ризашылығымды білдіремін.

Ал, отандастарымызбен бірге ұшып келген Украина азаматтары жағдай тұрақталмайынша, Қазақстанды паналаймыз деп отыр. Айта кету керек, бүгінге дейін Польшаның Котовице қаласынан 5 рейс ұйымдастырылып, 676 адам эвакуацияланды.

Нұрсұлтан Тілектесов


Хабарламаларға жазылу