Ел ортасында орналасқан Астана Еуропа мен Азияға көпір болып тұр. Барлық облыстардың кіндігінде жатыр. Астананың дамуы еліміздің де асқақтауына себеп болары сөзсіз.
Сейілбек Шаухаманов, Мемлекет және қоғам қайраткері:
Астана - еліміздің бет-бейнесі. Мемлекетіміздің, халқымыздың абыройы, атағы, айбаты десек те болады. Астанаға қарап, ол елдің қандай ел екендігін, онда қандай халық тұратынын байқауға болады. Астананың Арқаның төсіне көшуінің өзі ұлы іс болса, оның осындай аз уақытта әлемдік дәрежедегі үлкен дәулетті, сәнді қалаға айналуының өзі еліміздің мүмкіншілігін, халқымыздың мүмкіншілігін, дәрежемізді, деңгейімізді көрсетіп тұрғандай. Жыл сайын Астанаға барғанда, ондағы жаңалықтарды, жақсылықтарды адамның санасы қабылдап үлгере алмайтындай дәрежеде. Бұл - үлкен мереке. Әр мереке Астананың өрлеу жолындағы бір этап. Міне, биыл да көптеген ғимараттар беріліп, бет-бейнесі, сәулеті, сәні өзгеріп жатыр. Оны жақында барып, облыстың өнер күндерінде көріп, көзді қуантатын жағдайдың куәсі болдық. Сондықтан Астанамыз, халқымыз өсе берсін, өркендей берсін.
Идрис Картал, «Сұлтан Элеватор- ұн үгу- макарон» кешенінің бас директоры:
Астана - Елорда, Астана - Қазақстанның символы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың әрбір шаршы сантиметрін өзі жоспарлады деп айтуға болады. Осы аз ғана уақыттың ішінде адам танымастай өзгеріп, құлпырды. Мұнымен тоқтап қалмайды деп ойлаймын. Өйткені, Қазақстанның болашағы әлі алда, сондықтан әлем мойындаған Елорданың бұдан да көркейіп, әлеуеті артатынына сенімдімін.