Еліміз негізгі азық-түлік тауарларымен толық көлемде қамтамасыз етілген. Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов осылай деді.
«Бірінші кезекте еліміз негізгі азық-түлік тауарларымен толық көлемде қамтамасыз етілгенін атап өткім келеді. Қазір ешқандай да алаңдаудың қажеті жоқ»,– деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы соңғы жылдарда бүкіл әлемде азық-түлік тауарларына деген сұраныс пен оның бағасы күрт өсіп келе жатқанын айтты. Сондықтан отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу арқылы ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету бірінші орынға шығып отыр.
«Ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруды ұлғайту керек және импортқа тәуелділікті барынша қысқарту қажет. Мемлекет басшысы ағымдағы сын-қатерлер мен тәуекелдерді ескере отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын бірнеше рет атап көрсетті. Осыған байланысты тиісті Жоспар әзірленген болатын. Қазіргі жағдайда бұл құжаттың маңыздылығы одан сайын арта түскенін көріп отырмыз. Сондықтан азық-түлік тауарларының нақты қолжетімді болуы, дүкендер мен базарда жеткілікті көлемде болуы басты міндет болып отыр»,– деп толықтырды Әлихан Смайылов.