Қаңтар оқиғасындағы әрекеттер билікті күшпен басып алу мақсатымен ұйымдастырылған. Бұған ешқандай күмән болмау керек. Құқық қорғаушылар осындай пікірде. Адвокат Айман Омарованың айтуынша, ұйымдастырушылар қаңтар оқиғаларына кем дегенде 2 жыл дайындалған. Бірақ Президент сындарлы уақытта табанды шешім қабылдап, батыл әрекетімен мемлекеттікті сақтап қалды. Қоғамды мазалаған сұрақтарға нақты жауап берді.
Айман Омарова, құқық қорғаушы:
Заңға сәйкес, билікті күшпен басып алуға бағытталған әрекеттер – ел Конституциясын бұзу немесе Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымын күшпен бұзу болып есептеледі. Осы жаппай тәртіпсіздікті Президент қана өзінің әрекетімен тоқтатып, мемлекетті сақтап қала алды. 5 қаңтарда алаңға шыққандар арасында қазақ тілін де, орыс тілін де білмейтін азиялықтар болған. Жаппай тәртіпсіздік кезінде қарақшылар 5 студентті қорқыту арқылы митингіге қатыстырған. Оның біреуі қаза тапты.
Тергеу барысына қоғамдық бақылау күшейтілді
Тергеу барысында қоғамдық бақылау күшейтілді. Құқық қорғаушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, тергеудің ашық әрі жария түрде өтуіне үлес қосуда. «Аманат» комиссиясының төрағасы Абзал Құспан Президенттің Қаңтар оқиғаларының жан-жақты тергелуін талап етуі бізге ерекше күш берді дейді. Соның ішінде бұзақыларды қамауға алу тәртіпсіздіктердің алдын алу үшін маңызды шешім болды.
Абзал Құспан, адвокат:
Мемлекет басшысының осы оқиғалар болған кездегі табанды шешімі, оқиға бойынша алғашқы кезеңнен бастап елге ашық сұхбат беріп, қоғамды мазалаған сұрақтарға батыл жауап бергені, басынан бастап тергеу органдарынан болған оқиғаны мейлінше ашық әрі объективті, жан-жақты тергелуін талап етіп отырғаны бізге де ерекше күш-жігер сыйлағанын айтқым келеді. Біз және бізден бөлек құрылған басқа да комиссиялар осы мақсатта жұмыс істеді.
Прокуратура құқық қорғаушылармен ашық әріптестік орнатып келеді
Прокуратура құқық қорғаушылармен және адвокаттармен ашық әріптестік орнатты. Бұл Қаңтар оқиғасына құқықтық баға беруде оң септігін тигізеді. Мысалы, қорғаушылардың өтініштері ескеріліп, прокурорлық тексеріс нәтижесінде уақытша ұстау изоляторы мен арнайы жайлардан 302 азамат босатылды. 11 азаматты қамауға алудан бас тартылды. Адвокаттар құқық қорғау органдарының халықпен бірлесе жұмыс істеуі өз тиімділігін көрсетті деп отыр.
Эльвира Әзімова, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл:
Парламентте «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Заң қабылданды. Осы Заң төтенше жағдай кезінде бізге көмегі нақты тиді. Себебі біз Заң аясында біраз мониторинг жұмысын жүргіздік. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары, атап айтқанда прокуратура құқық қорғаушылармен ашық әріптестікке дайындығын көрсетті. Бұл - елеулі прогресс.
Құқық қорғаушылардың араласуымен бұрын қамауға алынған 200 азаматқа бұлтартпау шарасы өзгертілді. Сонымен ақтар, ауыр қылмыс жасады деп айыпталған кәмелетке толмаған 29 баланың 28-і ата-аналарының кепілдігімен босатылды.
Дарын Сағитов