Ішкі істер министрлігі: Полицейлер шерушілердің талапқа бағынуын сұраған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ішкі істер министрлігі: Полицейлер шерушілердің талапқа бағынуын сұраған

14.03.2022

Бейбіт талаптан басталған шеру басбұзарлардың талқандауына ұласты. Олар орайлы сәтте ойран салуға тыңғылықты дайындалған. Бұған тәртіпке негізделген әрекеттері дәлел. Алдымен авто және теміржолдарды жауып, вокзал мен әуежайға лап қойды. Қызметтік көліктерді өртеп, мемлекеттік органдардың ғимараттарын қоршауға алды. Полицейлер сонда да ұстамды болды. Тек заңды талаптарға бағынуларын сұрады. Бірақ қолдарына темір, тас, таяқтар алып, атойлағанда тойтарыс беруге тура келді. Жаппай тәртіпсіздікті тоқтату үшін адамның өміріне қауіп төндірмейтін құралдармен қарсыласты. Ал бүлікшілер өршелене түсіп, қару-жарақ тонады.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

Сондықтан қызметкерлер төтенше жағдай және терроризмге қарсы операция аясында қару қолдануға мәжбүр болды. Атап айтқанда, азаматтарды қорғау, қызметкерлерге және күзету объектілеріне жасалған шабуылға тойтарыс беру, қару мен арнайы көліктерді басып алуға жол бермеу және қарулы адамдарды ұстау мақсатында қолданылды.

Заңсыз айналымдағы қару-жарақты қайтару бойынша шаралар іске асырылып жатыр

Жалпы, 2 900-ге жуық қару мен оқ-дәрілер қолды болды. Соның 1200-ден астамы қайтарылды. Тағы 120-сын тұрғындар тапсырған. Алайда арсеналдың әлі жартысынан көбі жасырулы тұр. 10 мың полицей іздеп жүр. Жұртшылық та жәрдемдессе, жөн болар еді.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

Заңсыз қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар жауапқа тартылмайды. Бұл заңмен көзделген. Сондықтан табылған қару-жарақты полицияға тапсыруға шақырамын! Осыған қатысты кез келген ақпаратты «102» немесе 72-22-45 нөмерлеріне хабарлауды сұраймын!

Күдіктілердің конституциялық құқықтары толығымен сақталуда

Ішкі істер органының тергеуінде 3 мыңдай қылмыстық іс бар. Көбі ұрлық-қарлық бойынша. 12 автокөлік, 311 тұрмыстық техника, 188 зергерлік бұйым, 260 ұялы телефон және 16 млн теңге анықталды. Ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 184 күдікті қамауда отыр. Тағы 72 адамға сот үкімі шықты. Бесеуі абақтыға жабылса, қалғанына басқа жаза кесілді. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған 12 күдіктінің бұлтартпау шарасы бас бостандығын шектеумен байланысты емес. 9 жеткіншектің қылмыстық ісі тергеліп бітті. Қазір сотта. Үшеуіне қатысты іс әлі өндірісте. Тоқ етері кәмелет жасына жетпегендер қамауда отырған жоқ.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

Қызметкерлердің өкілеттігін асыра пайдалану фактілеріне қатысты шағымдар бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Объективті болу үшін бұл істер прокуратура және жемқорлыққа қарсы қызметке берілді. Тергеу амалдары міндетті түрде бейнекамераға жазылуда. Оған қорғаушылар да қатысуда.

Қылмыстық іс қозғалғандар қатарында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 8, ішкі істердің 1 қызметкері бар. Бұл істер сотқа әлі жолданған жоқ.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

Біздің бір қызметкер қазір қамауда. Ол Алматы облысының қызметкері. Сол жерде департаменттің бастығы, бүкіл орынбасары жұмыстан босатылған. Қалғандарына тергеу нәтижесі бойынша қорытынды шаралар қолданылады.

Қасіретті қаңтарда 19 полицей қаза тапты. 3 мыңнан аса тәртіп сақшысы мен әскери жарақаттанды. Көз жұмғандардың жерлеу рәсіміне 3 айлық өтемақы төленді. Бұған қоса туыстарына 5 жылға дейін қаржылай қолдау көрсетіледі. Ал ем алып жатқандар дәрігерлік комиссиядан кейін жарақатына қарай өтемақы беріледі.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу