Қазақстан Еуроодақ елдеріне экспортты күшейтпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Еуроодақ елдеріне экспортты күшейтпек

11.03.2022

«Қазақстан мен Еуропалық Одақ өзара тиімді сауда-экономикалық қатынасты дамытуға күш салмақ». Бұл туралы тараптар Брюссельде өткен «Қазақстан-Еуропалық Одақ арасындағы сауда конфигурациясындағы ынтымақтастық комитетінің 5-отырысында мәлімдеді. Гибридті форматта өткен отырыста тараптар өзара сауда-саттықты арттырудың жолдарын талқылады.

Қазақстан үшін Еуропалық Одақ саяси һәм экономикалық әріптестің бірі. Ал, Қазақстан - біріккен Еуропаның Орталық Азиядағы басты сауда серіктесі. Пандемияға қарамастан былтыр өзара сауда айналымы 21,4 пайызға өсіп, 28,9 млрд долларға жеткен. Тараптар биыл бұл көрсеткішті еселеуден үмітті.

Тимо Хаммерен, Еуропалық комиссияның оңтүстік көршілермен, Таяу Шығыс, Түркия, Ресей Және Орталық Азиямен жұмыс бөлімі басшысының орынбасары:

Қазақстан - біздің Орталық Азиядағы басты сауда серіктесіміз. Сондықтан, мынадай қиын жағдайда өзара сауда-саттықты жеңілдету үшін түйткілді мәселелердің түйінін тарқату маңызды. Мәселен, мемлекеттік сатып алу нарығы, фитосанитарлық, техникалық стандарттарға қатысты кедергілерді жоюды талқыладық.

Былтыр қазақстандық экспорт 31,8 пайызға артқан. Біздің ел биыл Еуропа нарығына 1,5 млрд долларға тауардың 140 түрін тасымалдауға әзір. Бұрынғыдай шикізат емес, дені дайын өнім. Оның қарт құрлыққа кедергісіз жетуін қамтамасыз ету үшін тараптар жаңа көлік дәліздерін, сауда маршруттарын іске қоспақ.

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

Біз Еуропалық Одақтың ғана емес Ресей Федерациясының да ірі серіктесі болғандықтан, көрші елге салынған санкцияның бізге кері әсері тимеуіне қатысты ой-пікірімізді білдірдік. Себебі, біз Еуропаға сауданы Ресей аумағы арқылы жасап отырмыз. Еуропадағы әріптестеріміз санкциялар Қазақстан экономикасына және Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы сауда ағынына еш әсер етпейді деп сендірді.

Брюссельдегі басқосуда көтерілген талап-тілектердің орындалуын екіжақты жұмыс тобының мүшелері жіті қадағаламақ. Еуропалық Одақ өкілдері өзекті мәселелер бойынша Қазақстанмен қашан да ашық диалогқа дайынбыз, - деп отыр.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу