Еуропада америкалық «Novаvax» вакцинасы салына бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада америкалық «Novаvax» вакцинасы салына бастады

11.03.2022

Еуропа елдері Америкалық «Novаvax» компаниясының Ковидке қарсы екпесін салуды бастады. Бұл-Еуропалық Одақ елдерінде Пфайзер, Модерна, Джонсон, Астра Зенекадан кейін қолдануға рұқсат етілген бесінші вакцина. Америкалық концерн ЕуроОдаққа осы жылдың алғашқы тоқсанында 100 млн доза жеткізуді жоспарлап отыр.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Америкалық «Novavax» компаниясының ковидке қарсы вакцинасы Нидерланд, Германия, Италия, Испания мен Бельгияға жетті. Екі дозалық препарат 18 жастан асқан азаматтарға салынуы тиіс. Қазір қарт құрлық елдері алдымен дәріге аллергиясы бар азаматтарға салып жатыр. Себебі, бұл екпенің құрамы гепатит В мен көкжөтелге қарсы қолданылып жүрген вакцинаның құрамына ұқсас. Яғни, дәстүрлі технологияға негізделген, дейді мамандар. Сұхбатын назарларыңызға ұсынамын.

Изабель Марон, Бельгиядағы екпе орталығының дәрігері:

Ковидке қарсы вакцинаға күмәнмен қарап, екпе құрамындағы қоспаларға күдіктенгендер енді осы препаратқа сенеді деген сенімдеміз. Себебі, мұның технологиясы жылдар бойы жұқпалы ауруларға қарсы қолданып келе жатқан дәстүрлі екпелерге ұқсас. Мұның құрамында аллергия тудыратын полиэтиленгликоль жоқ.

Препаратты тасымалдау, сақтау да жеңіл. Оны тоңызытқышта 2 ден 8 градусқа дейінгі температурада сақтауға болады. Қазірдің өзінде «Novavax»-қа еуропалықтар тарапынан сұраныс жоғары екенін айтады, дәрігерлер. Бельгиядағы онлайн платформа арқылы бір аптаның ішінде 10 мыңнан астам адам осы екпені салдыртуға жазылған. Аллергиясы бар азаматтарға толық салып біткен соң, мамандар Нововаксты балалар мен жасөспірімдерге егуді көздеп отыр. Сондай-ақ, ол бустерлік вакцина ретінде де қолданылады.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу