Қырғыз-тәжік шекарасында атыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырғыз-тәжік шекарасында атыс болды

10.03.2022

Бүгін Қырғызстан мен Тәжікстан шекарашылары арасында атыс болды. Оқиға Тескей елді мекенінде болған. Қырғызстан шекара қызметінің мәлімдеуінше, Тәжікстан шекарашылары әдеттегі қозғалыс маршрутын өзгертіп, шекара қорғаудың жаңа шебіне еніп, қарсы жақтың осы учаскеден кетуін талап еткен. Қырғыз әскерилері қарсылық танытқаннан кейін 10 минут бойы атыс болған. Оқиға кезінде қырғыз жағынан ешкім жапа шеккен жоқ. Дегенмен, алдын-ала мәліметтерге сай, тәжік тарапынан жараланғандар бар. Кейін қос елдің шекара өкілдері телефон арқылы хабарласып, шекара нарядын оқиға орнынан әкетуге және учаскеге қосымша күштерді тартпауға келісті.

Естеріңізге салайық, қырғыз-тәжік шекарасында осыған дейін бірнеше қарулы қақтығыс болды. екі елдің шекарасының ұзындығы 980 шақырым. Оның 500 шақырымнан астамы айқындалып, қалған бөлігі даулы күйінде қалып отыр.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу