Анталияда Украина мен Ресей келіссөздері өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анталияда Украина мен Ресей келіссөздері өтеді

10.03.2022

Бүгін Түркияның Анталия қаласында Украина мен Ресей сыртқы істер министрлерінің екіжақты кездесуі өтеді. Маңызды жиын Түркияның бастамасымен жүзеге асып отыр. Министрлер атысты тоқтату, гуманитарлық дәліз ашу сияқты мәселелерді талқыламақ.

Айдос Әшім, тілші:

Санаулы сәттерден кейін дәл осы жерде Украина мен Ресей сыртқы істер министрлерінің кездесуі басталады. Түркияның ара ағайындығымен өтетін басқосу Анталия қаласынан 45 шақырым жердегі Серік деген шағын қалашықта ұйымдастырылған. Маңызды жиын үшін бұл жердің таңдалуы да тегін емес. Теңіз жағалауындағы шағын шаһарда у-шу жоқ тып-тыныш. Нағыз келіссөз өткізуге арналғандай. Украина Ресей сыртқы істер министрлерінің екіжақты кездесуі жабық есік жағдайында өтпек. Яғни ақпарат құралдарының қатысуынсыз өтеді. Ал бұл келіссөздерге бүкіл әлем көз тігіп отыр және оң нәтиже күтіп отырғаны сөзсіз. Екі жақтың да негізгі үш талап тілектері бар. Украина тарабы атысты дереу тоқтатып, Ресей әскерін өз территориясынан шығаруды және гуманитарлық көмекке мүмкіндік беруді талап етсе, Ресей Ураинадан мойындалмаған Донецк және Луганскі республикаларының тәуелсіздігін және Қырымның Ресей аумағына қосылғанын ресми мойындауды сондай-ақ Украинаның ешқандай әскери ұйымға мүше болмауын талап етіп отыр. Сарапшылар бұл кездесуде екі жақтың да талаптары толық орындалады дегенге әлбетте күмәнмен қарайды. Дегенмен тараптардың белгілі бір мәселелерде бір пікірге келетініне сенім бар. Маңызды жиынның неше сағатқа созылатыны белгісіз. Қандай да бір нәтиже болса алдағы хабарларымызда бөлісетін боламыз.


Хабарламаларға жазылу