Түркістан облысы, Сауран ауданының тұрғындары құрылыс зауыттарының кесірінен таза суға жарымай отыр. Жер қойнауынан қиыршық тас пен топырақты тонналап алған соң ауылға келетін су лайланып, адам түгілі малдың ішуіне де жарамай қалды дейді жұрт. Көпшілік өндіріс орындарының бірқатарын жабуды талап етуде.
Сауран ауданындағы қиыршық тас өндіруші кәсіпорындар қазір Шорнақ ауылы тұрғындарының бас ауруына айналған. Өйткені, Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы мұнда 22 зауыт ашылған. Салдарынан ауылдың іргесіндегі Тастақсай өзенінің жан-жағын қазып, суды ластап жатыр дейді. Ал жер асты сулары тартылып, ауыз судың да сапасы нашарлап кеткен.
Бердібек Әнетбеков, Шорнақ ауылының тұрғыны:
Карьерлардың зардабын қара халық көріп отыр. Жер асты суларымыз төмендеп кетті. 18 метрсіз шықпайды. Оның өзін ішуге қорқамыз. Себебі, мына заводтар 11 метр биіктікте тұр. Біз 11 метр төменде тұрмыз. Мына жерде өлекселер жиналып, машина жуғандары да біздің елге барып жатыр.
Шорнақтықтардың сөзінше, құдықтан шыққан су лай аралас. Одан қалса ашық қалған шұңқырларға да бірнеше мәрте адам түсіп кеткен. Ал, карьер қазып жатқандардың жұмысын бақылап, қадағалап жатқан мекеме жоқ дейді.
Абай Құнанбайұлы, Шорнақ ауылының тұрғыны:
Расында да біз елге еге болмай қалғанбыз. Өйткені, мынаны қазып жатқанда Батыс Қытай жолына тас алады, сосын кетеді деп ойладық. Сөйттік те жүре бердік. Аяғы не болды қазір? Олар тіпті бизнеске айналдырып жіберді. Тас сатады. Аулымыз не істеп жатыр?
Ауыл тұрғындары карьерлердің жұмысын тексеру бойынша облыстық табиғат қорғау прокуратурасы мен Экология департаментіне, Жер қатынастар басқармасына арызданған. Алайда, жауап бермепті. Өндіріс орындарын жапсын деген тұрғындардың талабынан соң жергілікті билік іске кіріспек.
Болысбек Шәріпбеков, Сауран аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы:
Біз енді енді зерттеу жұмыстарын жасаймыз. Қазір мемлекеттік актісін тексерудеміз. Сәйкес болмаса жабылады. Бұл туралы біз білеміз. Барлық карьерды аралап шыққанбыз. Егер заңды құжаттары сәйкес келсе әрі қарай жұмыс істей береді.
Ауданда қазір 22 зауыт бар. Бір қызығы олардың санын азайтпай, керісінше 48- ге жеткізу жоспарланған. Себебі заң бойынша құжаттары дұрыс болса, әр заутқа кемінде 18 жылға дейін қиыршық тас алуға рұқсат берілген.
Айнұр Ақбаева