Шымкентте мыңнан астам фермер шығынға батты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте мыңнан астам фермер шығынға батты

09.03.2022

Шымкент қаласындағы жылыжай шаруашылығымен айналысатын 1 мыңнан астам фермер қып-қызыл шығынға батты. Өйткені, энергия көздерінің қымбаттығынан өндірілген өнім бәсекеге төтеп бере алмады. Салдарынан көкөніс бағасы қазір Орталық Азияда өндірілетін жылыжай өнімдерінен үш есеге қымбаттап кеткен.

Жылыжайда қияр пісіп жетілгенімен, оны сату Нұрбергенге қиынға соғып отыр. Өйткені биыл нарықтағы баға өндірген өнімінің өзіндік құнынан төмен. Өзге шығындарды айтпағанның өзінде диқан қыс мезгілінде 9 гектар аумақты жылыту үшін күніне 30 тонна көмір жақты. Яғни жарты миллион теңгенің отыны. Ал табиғи газ бағасы одан да қымбат.

Нұрберген Қойлыбаев, жылыжайдың бас агрономы:

Қиярдың өз өзін ақтау мәселесі өте қиын болып жатыр. Өйткені шеттен келетін, яғни Түркіменстан, Өзбекстан,Тәжікстаннан келетін жеміс-жидектер екі есе арзан болып келіп жатыр. Біздегі бағамен бәсеке болу қиын.

Бүгінде тек Шымкент қаласының өзінде жалпы 204 гектар жылыжай бар. Науқан кезінде 5 мыңнан астам азамат қосымша жұмысқа тартылады. Енді олар нарықтағы қиындықтан жұмыссыз қаламыз ба деп қауіптенеді.

Ләззат Жаханшаева, жұмысшы:

Ол кісілер бізге күніне 4 мың теңгеден төлейді. Күн ақысы. Қожайын қиналса да тауып береді. Жабылып қалса не болады деген уайым болып жатыр халықта.

Өндірістік негізде соғылған жылыжайлар әлі де болса амалдап тіршілігін жалғастырып жатыр. Өйткені мұндағылар су және жылу үнемдеу технологияларын пайдаланады. Ал фермерлік жылыжайлардың дені жұмысын тоқтатқан. Өнімін сата алмай мазасы қашқан диқандар жылыжай шаруашылығының коммуналдық төлемдері үшін мемлекеттен субсидия берілсе дейді.

Мырзахмет Сынабаев, Шымкент Ққаласы жылыжай шаруашылығы қауымдастығының төрағасы:

Өйткені, осы өндіріп жатқан өнімнің өзі 120-130 млрд теңгенің айналасында. Соның 10% субсидиялап берсе жетеді. Көгілдір отынымыз бізде 1 куб/м 37 мың теңге. Ал Түркіменстанда ол 45 теңге болады жәй әшейін. Сонымен бұл бәсекелестікке тұра алмай жатыр.

Шымкенттік диқандар шығынын өтеу үшін қиярдың бағасын 1000, қызанақты 1200 теңгеге сатуға мәжбүр. Аймақта осы кезге дейін жылыжайдан бір маусымның өзінде 100 мың тоннадан астам өнім жиналып келген. Биыл да сондай мөлшерде көкөніс жиналғанымен, диқан табыссыз қалатын түрі бар. Жергілікті билік энергия шығындарына субсидия беру туралы ауыл шаруашылығы министрілігіне былтыр ұсыныс жолдағанымен әзірге оны мақұлдаған жоқ.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу