Қаңтар оқиғасына қатысты құзырлы орган басшылары Мәжіліске шақыртылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасына қатысты құзырлы орган басшылары Мәжіліске шақыртылды

09.03.2022

Елде көктемгі егіс жұмыстары кешігуі мүмкін. Өйткені, сырттан келетін импорттық тауарларды жеткізу қиындады. Оның үстіне, шаруалар мемлекеттік бағдарламаларға қол жеткізе алмай отыр. Осы мәселеге қатысты депутаттар бүгін Үкімет басшысына сауал жолдады. Сонымен қатар екі айдан бері үнсіз отырған Прокуратурадан қаңтар оқиғасына қатысты ашық жауап беруді талап етті.

Күні кеше ауыл-аймақты аралаған депутаттар елдің арыз-шағымын арқалап келген. Құзырлы органдарға сауалды қарша боратып жатыр. Негізгі нысана – бас прокурор. Қоғамда күмән мен күдік көп. Бірақ, оны сейілтетін жауап әлі жоқ. Күштік құрылымдар мен мемлекеттік орган басшыларын депутаттар Мәжіліске шұғыл шақырды.

Жанарбек Әшімжан,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Арандаған кімдер? Арандатқан кімдер? Өртеніп жатқан ғимараттарға бас-сирағын үйтіп жүргендер кімдер? Изоляторлардағы жатқандардың жай-күйі қалай? Олардың құқы қай деңгейде сақталуда? Қылмыстық іс қашан аяқталады? Сотқа қашан жіберіледі? Жалпы сол күндері қандай жағдай орын алды? Міне, дәл осы күндері қоғам тарапынан қойылған осы сұрақтар әлі күнге дейін ашық күйінде тұр. Сол сұрақтардың бәрін бүкпесіз, ашық жауап берілуі керек.

Халықтың қазіргі талабы осы – ашық жауап. Құзырлы орган депутат сауалына 1 аптаның ішінде жауап беруі тиіс.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Әрине біз тергеу құпиясына, қылмыстық іс барысына тергеу, тексеру ісіне араласа алмаймыз. Бұл бойынша конституциялық заң бойынша шектеулер бар. Бірақ, қоғам жауап күтіп отыр. Осыған байланысты лауазымды тұлғалардың ақпараттарын тыңдаған дұрыс деп ойлаймын.

Көктемнің бір күні – бір жылға азық. Бірақ, мезгіл келгенімен, мемлекеттен қолдау аз. Шаруалар уәжін жеткізген депутаттар біраз мәселенің ұшын шығарды. Жеңілдетілген жанар-жағар май жетіспейді. Егерге тұқымы жоқ. Барының бағасы шарықтап тұр. Субсидия бағдарламалары бойынша тұрақты ұстаным жоқ. Ағын су тапшы. Бірақ, құзырлы орган мәселені шешуге асығар емес.

Қайнар Абасов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ауылдағы қалыптасып отырған осы жағдайдан ауыл шаруашылығы министрлігі мүлде бейхабар сияқты әсер қалдырады. Бұл жағдай ауыл еңбеккерлерін қатты алаңдатуда. Осы орайда өткен жылы қуаңшылықтың зардабынан әлі айықпаған диқандарға «жығылғанға жұдырық болып отыр».

Иә әлемдік ахуал ушығып тұр. Еуропадан алатын тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізу қиындап кетті. Қазіргі болжам бойынша көктемгі егіс жұмыстарына қажеттінің жартысы ғана жеткізілуі мүмкін. Ал импорттық қажеттілік - 90 пайыз.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Отандық бизнес өкілдері жүздеген миллион теңге шығынға ұшырауда. Үкімет қимылдап жатыр, бірақ мына заманда өте ширақ болу маңызды. Анықталғандай, еліміздің бизнесі көптеген халықаралық сауда бренділермен Ресей арқылы жұмыс істеген. Ол бренділер көршімізден жаппай шығып жатыр.

Елдің тасымал саласын әртараптандыру үшін Үкімет тарапынан шұғыл қадамдар қажет. Өйткені, көрші елден келетін азық-түлік импорты да еселеп өсуі мүмкін. Депутаттар министрлер кабинетіне бүгін осы сауалдарды жолдады.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу