Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: Бұдан былай әкім-қаралар халықпен тұрақты түрде кездесу өткізуі керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: Бұдан былай әкім-қаралар халықпен тұрақты түрде кездесу өткізуі керек

09.03.2022

Әкім бол, халқыңа жақын бол. Енді бұл тәмсіл Президенттің жарлығымен бекіп отыр. Мемлекет басшысы бұдан былай әр деңгейдегі әкім-қаралар халықпен тұрақты түрде кездесу өткізуі керек деп міндеттеді. Ал оның нақты күнтізбесін жыл басында үкіметке баяндап отыруы тиіс.

Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша ел тұрғындарының жартысына жуығы әкімдерге риза емес. Демек, басқару жүйесін жаңа форматқа көшіру уақыт талабы. Бұған жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы коммуникацияның әлсіздігі де себеп. Сарапшылар бұл олқылықтың орнын Президенттің жаңа Жарлығы толтырады деген сенімде.

Аян Сакошев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Мемлекет басшысының жарлығы бұл жүйені нақты жүйелендіріп, тұрақты түрде біріздендіруге бағытталған. Бұл дегеніміз кері байланыс. Халықпен кездесулер жиілей түседі. Нақты ауданды, ауылды және қаланы қамтуы керек.

Жаңа құжат бойынша облыс, қала және аудан әкімдері кездесулерінің нақты графигі бекіді. Бұған қоса «халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде» әкім тұрғындармен күнтізбеден тыс кездесіп отыруы тиіс. Ал жиындарда әдеттегідей ұзын сонар баяндама оқылып, жиналғандарды мезі етпейді. Бұған жоспарланған уақыттың төрттен бірі ғана беріледі. Кездесудің негізгі уақыты «сұрақ-жауап» форматында өтуі тиіс.

Серік Молдағалиев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Президенттің де жаңа айтып тұрған есептің өзі бұл заманауи талаптар. Өйткені халықтың үндеуін естіп, халықтың мәселесін шешу әкімдердің басты міндеті болуы керек. Қазіргі таңда мысалға, Президентке қарапайым жергілікті жерде шешілетін мәселелерге дейін жазып жатыр. Маған пенсия тағайындалмай жатыр, азаматтығымды ала алай жатырмын, коммуналдық есептерді есептей алмай жатырмын деген секілді. Бұл тікелей жергілікті атқарушы органдардың міндеттері.

Кездесулерге депутаттар, қоғамдық ұйым мен оппозиция өкілдері тартылуы шарт. Ақ жағалыларға тағы бір маңызды міндет жүктеліп отыр. Ол халық көтерген проблемалар ресми сайттарда және «электрондық үкімет» порталында тоқсан сайын жарияланып тұруы тиіс.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу