Ұлыбританияда Лондон метросының мыңдаған қызметкері ереуілге шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда Лондон метросының мыңдаған қызметкері ереуілге шықты

03.03.2022

Ұлыбританияда Лондон метросының мыңдаған қызметкері ереуілге шығып, жерасты көлік қатынасы тоқтап қалды. Жолаушылар діттеген жеріне жете алмай, бірнеше шақырымдық кептелістер пайда болды. Ұлыбритания астанасындағы тілшіміз Марина Бекенова соңғы ақпараттармен бөлісуге дайын. Марина, ереуілге не себеп?

Марина Бекенова, тілші:

600 жұмыс орнының қысқартылуы, еңбек шартындағы және зейнетақы төлеудегі әділетсіздіктер наразы жұрттың ереуілге шығуына себеп болды. Билік зейнетақы қорын 100 млн стерлинг фунтына дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Метрополитен басшылығы пандемиядан кейінгі шығындарды жабу үшін осындай қадамға бардық дейді. 10 000-ға жуық кәсіподақ ұйымының мүшесі мәселенің бұлай шешілуіне үзілді-кесілді қарсы.

Джон Лич, кәсіподақ ұйымының өкілі:

Біздің ереуілге шыққымыз келмеді. Бұл проблеманың алдын алуға болар еді. Бірақ басқа амалымыз қалмады. Соңғы екі жыл оңайға соқпады, бірақ аянбай еңбек еттік. Елде төтенше жағдай жарияланғанның өзінде жұмысымызды тоқтатпадық. Дегенмен біздің еңбегіміз бағаланбады.

Сейсенбі күні және бүгін Лондон метролары түгелдей жабылып, жолаушылар жұмыс орындарына жете алмай қиналып қалды. Оларға мүмкіндігінше үйден жұмыс істеуге немесе көліктің балама түрін пайдалануға кеңес берілді. Көшелерде мыңдаған шақырымға созылған кептелістер пайда болып, халық автобус, такси немесе велосипедпен діттеген жеріне жетуге мәжбүр. Метро қызметкерлерінің ереуілі 24 сағатқа созылмақ.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу