Қызылжарлық кәсіпкер қымыз экспортын тоқтатты. Оған ішкі нарықта ұлттық сусынға деген сұраныстың күрт артуы себеп. Мамлют ауданының Андреевка ауылындағы шаруашылық қысы-жазы бие байлап, қымыз піседі. Әріптесім Эльмира Кәленова жыл он екі ай қымыз өндірудің қыр-сырын біліп қайтты.
Сауын цехында бір ауысымда 4 адам жұмыс істейді. Сауыншы Зәуреш Нұрмұқанова шаруашылықтағы 500 жылқының әрқайсын жазбай таниды. Қыс мезгіліне қарамастан 2 сағат сайын бие байлайды.
Зәуреш Нұрмұқанова, сауыншы:
Жылқылар өзі кісіге жақын ғой, үйрендік. Таза. Мынадай таза жерде жұмыс істеп жатырмыз. Өзімізге де ыңғайлы. Бәрі жақсы.
Шаруашылық 100 сауын биеден жаз айларында 600 литрге дейін ұлттық сусын әзірлейді. Қыста қымыз айтарлықтай азаяды. Соған қарамастан сұраныс еш кеміген емес.
Эльмира Кәленова, тілші:
Мұнда бәрі автоматтандырылған. Заманауи техника адам жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. Биелер де сауынға әбден үйреніп алған. Уақыты келгенде орындарына келіп, тізіліп тұра қалады. Әрқайсысы бір ретте 800-900 грамм саумал береді. Шикізат цехқа аттанады.
Қымыз цехында да күбілердің бәрі автоматтандырылған. Мұнда жеткізілген саумал бір тәулікте дәмі тіл үйірер қымызға айналады.
Марал Ғафиуллина, қымызхана қызметкері:
Күбілерді түтінге қоямыз. 20 минут, одан 5-6 сағат ашытамыз. Содан холодильникте сақтаймыз. Таңертең соын бутылкаларға алып шығып құямыз. Дүкендерге жібереміз.
Саумал – сан түрлі сырқатқа ем. Дәрігердің өзі коронавирусқа шалдыққандарға қымыз ішуге кеңес береді. Әлемдік пандемия басталғаннан бері ұлттық сусынға деген сұраныс деңгейі рекордтық көрсеткішке жеткен.
Нағашыбай Барлыбаев, кәсіпкер:
Екі жыл бұрын қымызды көрші Ресей облыстарына шығаратынбыз. Вирустық пандемия ауруы болғасын, осы біздің төңіректе, Көкшетау мен Бурабай сұрағын толтырамыз. Кейде үзіліп қалады. Сондықтан біз экспортты тоқтатып, осы екі облысты жабуға мақсат қойдық.
Шаруашылықтағылар қымыз өндірісін қысы-жазы тоқтатпай, қайта сусынның көлемін еселей түспек. Ол үшін мал азығы да қ жеткілікті.
Әсет Аяғанов, бригадир:
Кеш құлындаған биелер бар. Соларды біз қыс уақытында сауамыз. Кормы жағы оңды болуы керек. Жаздыгүні зеленая масса дейді, сенаж. Сол дайындалады. Қыс мезгілінде сауып жатқасын бұларға жем әрине беріледі.
Кәсіпкер жаз бойы мешіт жанынан құрылған «Зекет» қоғамдық қоры арқылы Облыс орталығындағы провизорлық стационарларға тегін қымыз жеткізіп тұрды. Ол болашақта екінші ферма ашып, шипалы сусын өндірісін арттыруды көздейді.
Эльмира Кәленова