Украинадағы жағдайды басынан кешірген жерлестер: Елдегі бейбітшіліктің қадірін жоғары бағалайық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадағы жағдайды басынан кешірген жерлестер: Елдегі бейбітшіліктің қадірін жоғары бағалайық

02.03.2022

Елдегі бейбітшіліктің қадірін жоғары бағалайық. Украинадағы жағдайды басынан кешірген жерлестеріміз осылай деп отыр. Зар жылаған халықты, жазықсыз жандардың қаза тапқанын көріп, есеңгіреп қалдық дейді. Олардың ендігі бар тілегі - тыныш елде тату-тірлікте өмір сүру.

Павлодар тұрғыны Дәулет Бакишев Киев-Львов бағытындағы 15 шақырым жолды жаяу өткен. Кәсіпкер Украина астанасына ауыл шаруашылығы тақырыбына арналған халықаралық конференцияға барған. Жиынның екінші күні шабуыл басталыпты. Содан бергі төрт күнді Польшаның Катовице қаласына жету үшін жолда өткізген. Екі рет бомбадан қорғануға арналған жертөледе түнеп шыққан.

Дәулет Бакишев, кәсіпкер:
Менің көргенім нағыз тозақ сияқты. Қаптаған әйел, шулаған бала. Суыққа тоңып, ашыққан адамдар. Осыншама қиындықты көрген соң өз еліңді одан сайын бағалай түседі екенсің. Қазақстан сияқты бейбіт елде тұрып жатқан біздер бақыттымыз.

Алматылық Лаура Қасенова 7 жылдан бері Украинада тұрып, қызмет атқарған. Қақтығыс басталғанда Киевте болыпты. Шиеленістерден аман қалып, туған жеріне жеткеніне шүкіршілік етеді. Үйінің маңында болған жарылыстан өзі мен 5 жастағы қызы да әлі күнге шошып қалған.

Лаура Қасенова, қала тұрғыны:
Украинада қаншама бейбіт тұрғын опат болып жатыр. Өлім мен өмірдің тайталасы дерсің. Бақытты балалық шақтың орнына сәбилердің жүрегінде үрей мен қорқыныш ұялап жатыр. Сондықтан тыныш елде тұрудың өзін нағыз бақыт деп ойлаймын. Жер бетінде бейбітшілік болсын.

Бұл шиеленістің соңғы шоғы сөніп, әлемде бейбітшілік оты лауласын деп тілейді Лаура. Айтуынша, ел тыныштығынан асқан байлық, құнды дүние жоқ.

Жазира Оразқызы

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу