Түркістан облысы Алғабас ауылының тұрғындары қараңғылық құшағында өмір сүріп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы Алғабас ауылының тұрғындары қараңғылық құшағында өмір сүріп келеді

28.02.2022

Өйткені электр желілері әбден тозған. Елдімекендегі жалғыз трансформатордың қуаты жетпей, жарық жиі өшіп қалады.Трансформатор 130 вольт келмесе істемейді.

Ауылда жарықтың жанғанынан сөнгені көп. Электр қуаты берілгеннің өзінде жарығы тым әлсіз. Кеш батысымен майшамнан айырмасы жоқ сығырайып сәуле шашқан шамға телміріп отыруға тура келеді, дейді тұрғындар.

Әшірәлі Жарылқасынұлы, ауыл тұрғыны:

 Лампочка түгілі тамағымызды зорға ішіп аламыз. 7-8-дің арасында. Соған дейін ішіп алмасақ одан кейін свет жанбай қалады, өшеді. Мұздатқыш мүлдем істемейді.

Осыдан жарты ғасыр бұрын тұрғызылған электр бағандарының шірімегені жоқ. Жан-жағына қойылған тіреумен ғана әзер тұр. 100-ден астам шаңырақ тұратын ауылда тіршілік түн жарымда басталады. Өйткені тұрмыстық техниканы осы кезде пайдаланудан өзге амал жоқ.

Әуелхан Абайділлаев , ауыл тұрғыны:

 Кешке таман жүдә жаман болады. Сығырайып тұрады әшейін. Нан піспейді. Бір ұйықтап тұрған соң келіндер нан пісіреді. Жарық көпшілік жерде өшеді ғой.

Алғабас ауылындағы тозған электр желілерінің ұзындығы бір шақырымнан асады. Оны трансформатормен қоса жаңасына ауыстыру үшін биыл әрең дегенде қазынадан қаржы қаралды. Қазір жұмысты атқаратын мердігерді анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу байқауы жарияланған.

Жасұлан Оразханұлы, Ағыбет ауыл округінің әкімі

 Бір трансформатордан алып жатқан тұрғындардың санының артып кетуіне байланысты соған қосымша трансформатор, электр сымы тартылған соң бұл проблемалар толық шешіледі.

Жобаға сәйкес енді Алғабас ауылына электр қуатының кернеуін реттеу үшін жаңадан екі трансформатор орнатылмақ. Олардың әрқайсысының бағасы 3 миллион теңге төңірегінде. Жауаптылардың айтуынша, бұл жұмыстар биылғы жаздан кешіктірілмей аяқталады.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу