Батыс Қазақстан облысында «Аңсаған сәби» жобасы бойынша квота ала алмай жүргендер көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында «Аңсаған сәби» жобасы бойынша квота ала алмай жүргендер көп

25.02.2022

Батыс Қазақстан облысында «Аңсаған сәби» жобасы бойынша квота ала алмай жүргендер көп. Бағдарлама басталғалы квота саны 7 есеге өскен. Алайда, бедеулік диагнозымен 350 адам кезекте тұр. Ал ақылы ЭКО-ның бағасы тым қымбат.

Квотаға қолы жетпей жүргендердің бірі - 40 жастағы Нұрлы Қуанова. Тұрмысқа шыққалы үш жылдан бері бала көтере алмай келеді. Нақты диагнозы болса да, есепке тым кеш алынған.

Нұрлы Қуанова, қала тұрғыны:

2020 жылы дәрігер Гүлзат Байгенжееваның қабылдауында болдым. Ол анализдеріме қарап, сізде мүмкіндік жоқ деп, дөрекі сөйлеп, шығарып салды. Бірақ сол жылы мені есепке алған жоқ. Мен екі жылдан бері өз қаражатымнан анализдер тапсырып келемін. Алдағы уақытта квота тезірек берілсе екен деймін.

Ал облыстық перинаталды орталық дәрігері Гүлзат Байгенжеева Нұрлының кезегі қашан келерін нақты айта алмайды. Текке үміттендірмеу үшін келушілерге тура, қатқыл сөйлейтінін жасырмады.

Гүлзат Байгенжеева, гинеколог дәрігер:

Мен ол кісіге бірден айттым, соған ренжіп тұр. Өздігінен жүктілік болуы 100-ден бір ғана пайыз мынадай диагнозбен. Бір процентке бола мен кісіні үміттендірмеймін. 99% - тек донорлық ЭКО деп тұр. Сондықтан күту керек. Нені күтеміз? Қазір мен осы кезегі келген кісілерді шақырам, егер ішінде кері қайтарса болса, баласы жоқ басқаларын шақырып бастаймыз.

Биыл «Аңсаған сәби» жобасы бойынша облысқа 246 квота бөлінген. Бұрын 32-39-дан аспайтын. Бірақ кезекте бір балаға зар болған 350 адам тұр. Бір қуантарлығы - былтыр қаулыға бірнеше оң өзгеріс енгізілген.

Айнаш Ғұбайдуллина, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

2021 жылғы 18 маусымда қайтадан бұйрыққа өзгеріс енгізілді. Оның ішінде донорлық аналық жасушаны қосымша квотамен қамтамасыз ету қарастырылған. Бүгінде осы арқылы Нұрлыны жолдауға мүмкіндік бар. Және 42 жасқа дейін деген бұйрық болды, одан кейін 49 жасқа дейін деп өзгертілді.

Былтыр 249 квота беріліп, соның тең жартысы оң нәтиже берген. Отыз әйел босанса, қалғаны жүктілік мерзімінде. Теріс нәтиже көрсеткендері қайтадан кезекке тұрады. Ал ақылы экстропоралды ұрықтандырудың бағасы "ұшып" тұр.

Жанаргүл Рахым, репродуктолог дәрігер:

Жалпы айтқанда, 1,2 млн-1,5 млн. теңге деп есептеуге болады. Оған бірден алатын анализдерін, стимуляцияға алатын дәрілерін, жалпы эко-бағдарламасын кіргізіп қойдық. Себебі сондай сомаға науқастар қаралуы керек.

Әзірге нақты 20 адамға квота берілген. Қалғаны жыл соңына дейін игерілмек. Ал сәби сүюді аңсап, кезегін күтіп зарыққан Нұрлы секілді жандар жобаның іркіліссіз жүзеге асқанын қалайды.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу