Елімізде әскерге бармай қалған жастар көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде әскерге бармай қалған жастар көп

25.02.2022

Әскер қатарына шақырылу тиіс бозбалалардың бестен бірі ғана сарбаз атанады. Қалғаны түрлі себеппен Отан алдындағы борышын өтеуден босатылады. Олар неліктен әскерге бармайды? Бұл сұрақтың жауабын Сенат депутаттары да білмек болып, Үкіметке сауал жолдады.

Былтыр елімізде 215 мың азамат мерзімді әскери қызметке шақырылуы керек болған. Алайда Отан алдындағы борышын өтеуге 32 мың адам ғана аттанған. Тепсе темір үзетін жігіттер сарбаз атануға неге асықпайды?

Сенат депутаттарының пікірінше, жастарды ынталандыру жұмысы нашар. Әскерге бармай қойғандар үшін жауапкершілік те әлсіз. Сенаторлар мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру негіздемелерін қайта қарауды ұсынып отыр.

Бекболат Орынбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Әскерге шақыруға жататын жастардың 85 пайызы түрлі себептер бойынша әскерге шақырудан кейінге қалдырылды немесе толығымен босатылды.

Ал Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, былтыр әскерге шақырылған жастардың 26 проценті сарбаз атанған. Қалғандарының бірі оқуда, екіншісінің отбасылық жағдайы келмейді. Медициналық тексеруден өтпей қалатындар да бар. Әрі әскердегі орын да шектеулі.

Жәзира Асанова, ҚР Қорғаныс министрлігі Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің аға офицері:

Қарулы күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрамаларды жасақтау үшін қажетті санында ғана біз мерзімдік әскери қызметке шақырамыз. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, 32 мыңнан аса азамат мерзімдік әскери қызметке шақырылды. Қарулы күштердің саны белгілі бір лимиттен тұрады ғой.

Еліміздің қарулы күштерінің бас штабы бүгін брифинг өткізіп, жастардың көбі әскерге барудан бас тартатынын ашық айтты. Бұл шынымен бар проблема. Сондықтан 18-27 жас аралығындағы азаматтарды ынталандыру үшін бірқатар жаңа ұсыныс әзірленген. Алайда биылғы лимит былтырғыдан тек 500 адамға артық. Яғни, әскерге бармай қалатындар саны биыл да бірнеше есе көп болады.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу