Киевте атыс жаңғырығы естіліп, тұрғын үй кешені өртенді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Киевте атыс жаңғырығы естіліп, тұрғын үй кешені өртенді

25.02.2022

Украина астанасы Киевте бүгін бірнеше жарылыс жаңғырығы естілді. Елдің ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, қалаға қанатты зымырандармен соққы берілген. "Рейтер" агенттігі көпқабатты тұрғын үй өртеніп жатқаны туралы видео жариялады. Ғимаратқа ракета сынықтары түскені, одан үш адам жараланғаны туралы мәлімет таратылды. Ал, Украина ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, тұрғын үй кешеніне елдің әуе қорғаныс күштері атып түсірген ресейлік ұшу аппараты құлаған.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, әскери операция кезінде 137 украиналық қаза тауып, 316-сы жараланған. Бұған қоса, Киев ресейлік бірнеше ұшақ пен тікұшақ атып түсіріліп, әскери техника жойылғанын хабарлады.

Дегенмен, бұл ақпаратты Ресейдің Қорғаныс министрлігі жоққа шығарды. Ведомство қалаларға шабуыл жасалып жатқанын растаған жоқ. Жоғары дәлдікпен әскери инфрақұрылым істен шығарылып жатқанын мәлімдеді. Құрлықта Украинаға тиесілі 83 әскери нысан, екі Су-27, екі Су-24 ұшағы, бір тікұшақ және "Байрақтар" пилотсыз аппараттарының жойылғаны жария етілді.

Сонымен бірге, ресейлік күштер Чернобыль атом электр станциясын бақылауға алған. Мұны Украинаның премьер-министрі Денис Шмыгаль мәлімдеді. Әскери іс-қимылдар барысында мұнда адам өлімі тіркелген жоқ.

Украина президенті Зеленский жаппай мобилизация туралы жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысы НАТО Киевті мүшелікке қосуға дайын емес деп мәлімдеді.

Тағы бір мәлімет. НАТО бүгін Украинадағы жағдай бойынша шұғыл саммит өткізбек. Жиын жабық бейнеконференция түрінде өтеді.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу