Нұр-Сұлтанда Үкімет басшыларының кездесуі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтанда Үкімет басшыларының кездесуі өтті

25.02.2022

Кеше премьер-министр Әлихан Смайылов Ресей үкіметінің басшысы Михаил Мишустинмен кездесу өткізді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы рекордтық деңгейге жетіп, 25 миллиард доллардан асқан. Премьерлер көлік-транзиттік әлеуетті арттыруға бағытталған жобаларды талқылады. Мемлекеттер арасындағы әуе қатынасын бұрынғы қалпына келтіру мәселесі де көтерілді. Сонымен қатар Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру жобасы талқыланды.

Әлихан Смайылов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:

Өткен жылы агроөнеркәсіптегі өзара іс-қимыл 32%-ға артты. Сонымен қатар бұл сала үлкен әлеуетке ие. Сауданы, оның құрылымын ұлғайту, жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейту жұмыстарын жалғастыруды ұсынамыз. Ресейлік агроөнеркәсіптік бизнесті тығыз ынтымақтастық орнатуға шақырамыз.

Сондай-ақ, үкімет басшысы Қырғыз елінің премьер-министрі Ақылбек Жапаровпен кездесті. Айыр қалпақты ағайын қазақ елінен автокөліктер сатып алуға ниетті. Қазір екі ел үшін трансшекаралық сулар мәселесі өте өзекті. Осы бағытта бірлесіп әрекет ету жұмыстары талқыланды.

Әлихан Смайылов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:

Қырғызстан – Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы маңызды сауда серіктесі. Өзара сауданың оң серпінінің қалпына келуін атап өткім келеді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша сауда көлемінің шамамен 15%-ға артқаны байқалады.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченкомен де келіссөз жүргізді. Екі мемлекет арасынадағы ынтымақтың басым бағыттарының бірі – агро өнеркәсіп. Қазақстандық тарап бірлескен жұмыс үшін ең қолайлы жағдайларды жасауға дайын. Былтыр екі жақты алыс-беріс 16 пайызға жуық өскен.


Хабарламаларға жазылу