Шымкентте тұрғындар жерлерін мемлекет меншігіне қайтаруға наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте тұрғындар жерлерін мемлекет меншігіне қайтаруға наразы

24.02.2022

Шымкентте 200-ге жуық отбасы заңды түрде алған жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтаруға қарсы. «Нұртас» шағынауданында тұратын жұрт үй іргесіндегі жерлерін бұған дейін де мемлекетке қайтарған. Ал, енді екінші рет баспана салып әбден қоныстанып болғанда бұл аумаққа көпқабатты үйлер мен бизнес нысандары салынатыны хабарланған.

«Нұртас» шағынауданынан үш жыл бұрын жер алған жұрт үй салып, жан жағын қоршап алған. Бірақ, олар жайлы қоныстан айрылып қалатын түріміз бар деп алаңдаулы. Өйткені қала әкімдігі жуырда бұл аумақты мемлекет мұқтаждығы үшін қайтару қажеттігін ескертіпті.

Сабыр Сәрсенбай, қала тұрғыны:

Мұның алдында «Тұран» мөлтек ауданында жері болған. Ол жерді көпқабатты тұрғын үй салады екен алып қойған мемлекеттің мұқтаждығына. Сосын енді келіп біздің мына жерімізді биыл бас жоспар өзгерді, жаңа бас жоспармен тағы да көпқабатты тұрғын үйді алайын деп жатыр. Енді бұл бассыздық қой, геймплан деген сонда күнде өзгере бере ма қалай бұл сонда.

Тұрғындар жер телімдерінің қызыл сызыққа қалай өтіп кеткенін білмей дал. Себебі, елдімекенге электр желілерін тартып, инфрақұрылымын жүргізген. Бәрі біткен соң жұрт баспана салып алған. Енді тірнектеп жиған ақшаға салған үйіміздің шығынын кім өтейді деп өкпелі.

Жанархан Дүйсенова, қала тұрғыны:

Ол үй к банкте епілде тұр. Кредит алып отырмын сол үйді тігіп. Ал ертең үй бұзылатын болса, оны кім төлейді, қайда барамыз?! Бір емес екі отбасы тұрады үйімде. Үйімде шиеттей бала-шаға.

Жұрт жиналып, шағымын айтқан соң, әкімдік қызметкерлері де келе қалды. Шаһардың сәулетіне жауаптылар заң аясында қарекет қылып жатқандарын жеткізді. Айтуларынша, расымен де бұл аумаққа көпқабатты үйлер мен кәсіпкерлік нысандар бой көтереді. Ал тұрғындардың жері нарықтық бағада өтеледі деп сендірді. Немесе оларға басқа ауданнан тағы жер беріледі.

Мырзагелді Сәрсенбекұлы, Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы бөлімінің басшысы:

Бекітілген бас жоспарға сәйкес, қазір өз кезегінде жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алынады. Салынбаған құрылысқа қазір бекітілген бас жоспарға сәйкес сәулет жоспарлау тапсырмасы берілмейді. Ал салынған құрылыс мерзімінде мұқтаждыққа алынады.

Бас жоспардың әлі қалай құбылатыны белгісіз деп қамыққан жұрт шенділердің сөзіне сенгісі келмейді. Жерін бұған дейін мемлекетке қайтарып берген жұрт екінші мәрте бұл шешімге көнгісі жоқ.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу