Елімізде 2025 жылға дейін 8 жаңа аурухана салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 2025 жылға дейін 8 жаңа аурухана салынады

22.02.2022

Алдағы 5 жылда еліміздің 15 ірі қаласында 20 заманауи аурухана салынады деп жоспарланған . Осы ретте Президент Үкімет отырысында бұл жобаларға бөлінген қаражат есебін қайта қарауды тапсырды. Нәтижесінде салынатын ауруханалар саны қысқарып, қамтылатын өңірлер де азайды. Мәселенің мән-жайын Ақниет Балтанова зерттеп көрді.

Енді 20 емес, 8 аурухана салынады. Саны азайғанымен құрылыс уақыты сол қалпы - 5 жыл. Сондай-ақ, қамтылуы керек 15 өңір 8 қалаға қысқарды. Нақтырақ айтсақ, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан қалаларында университеттік ауруханалар, ал Түркістан, Петропавл, Көкшетауда көпбейінді ауруханалардың құрылысы басталмақ.

Ернұр Узалин, ҚР ДСМ Инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары:

Егер біз ауруханаларды саламыз деген жоспар қойсақ, алдымен кадрларды, дәрігерлерді әзірлеу керек. Оларды әзірлеу үшін университеттік ауруханаларды салу керек. Университеттік аурухана практика, ғылым және оқытуды біріктіріп, кадр даяурлауға көмек болады.

Бастапқыда 20 аурухана құрылысына 376 млрд теңге бөлінді. Президент мұндай шығын болса, бізге мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің қажеті жоқ деп кесіп айтты. Сондықтан сараптамаға жіберілген 8 жобаның қалай қаржыландырылатыны әзірге белгісіз. Ал сарапшылар жоғарыда аталған сомманы басқа бағытқа жұмсаған жөн деп санайды.

Әкім Тұрсын, сарапшы:

Сол нәрсе мемлекеттің қаражатына салынатын болса, мен бұны құптамас едім. Оданда кәсіпкерлерге берсін, жағдай жасасын, кәсіпкерлер өздері салсын. Сондықтан мемлекет бұл қаржыны денсаулықтың себептерінің алдын алуға жұмсағаны жақсы.

Денсаулық саласындағы тағы бір түйткілді мәселе, медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу. Бұл системада жемқорлық көп. Әсіресе өңірлерде смета бағасын аспандатып, бөлінген қаржыны жымқырып қалу фактілері кездеседі. Сондықтан Президент мемлекеттік сатып алуларды «СК-Фармация» базасына орталықтандыруды тапсырды. Мед аппараттардың күтімі мәселесі де әлі шешімін тапқан жоқ.

Ғабит Рысбаев, дәрігер-реаниматолог:

Бізде ешқандай медициналық құрал-жабдықтардың күтімін оқытатын техникалық мамандық жоқ. Сондықтан кез келген аппараттың бір ғана болтын бұрау үшін шетелден маман шақыртамыз. Олар әрине қымбатқа келеді. Одан арасында жемқорлық бар, тіпті баға шарықтайды.

Ақниет Балтанова, тілші:

Елімізде бұрын-соңды Халықаралық стандартқа сай, заманауи үлгідегі университеттік-көпбейінді ауруханалар салынбаған. Сондықтан бұған дейін құрылысы жүргізілген ауруханалардың шығынын енді жүзеге асатын жаңа жобалармен салыстыру мүмкін емес. Нақты бөлінетін қаражат есебі мемлекеттік сараптамадан кейін белгілі болады. Ал медициналық құрал-жабдықтардың күтімін білетін техник мамандарды даярлау мәселесі университеттік ауруханалар бой көтерген соң ғана шешімін табуы мүмкін.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу