Елордалық дәрігерлер ішектегі қатерлі ісікті кеспей, эндоскопиялық жолмен алып тастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық дәрігерлер ішектегі қатерлі ісікті кеспей, эндоскопиялық жолмен алып тастады

22.02.2022

Президент клиникасының дәрігерлері ішектегі қатерлі ісікті эндоскопиялық жолмен алып тастады. Операцияның ерекшелігі сол, науқастың денесіне пышақ тиген жоқ. Мамандар кеспей, тілмей іштегі өскінді алып шықты. Елімізде мұндай ота ішектегі қатерлі ісікке алғаш рет жасалып отыр.

Науқастың асқазан ішек жолына қатысты шағымы болмаған. Профилактикалық тексеруге келген келіншек қатерлі ісікке шалдықтым деп ойлаған жоқ. Мамандар асқазан-ішек жолдарын мұқият тексеріп, 3 см көлемінде ісік барын анықтады.

Жанат, қала тұрғыны:

Әрине тәуекелдер болды. Бірақ дәрігерлер ең тиімді шешім –операция екенін түсіндірді. Мен олардың кәсіби біліктіліктеріне сендім. Қазір операцияның өткеніне біраз уақыт өтті. Мен өзімді өте жақсы, жақсы сезінемін.

Дәрігерлер асқазан-ішек жолына пышақ тигізген жоқ. Эндоскопиялық ұзын зонтты адамның табиғи жолы арқылы кіргізіп, ішектің ішіндегі ісікті алып тастады. Кейін іштегі жараның орны да эндоскопиялық жолмен тігілді. Осылайша кеспей тілмей жасалған операция небәрі бір-ақ сағатқа созылып, науқас бірден үйге жіберілген.

Жеңісбек Тынкозиев, эндоскопист-хируг:

Әрине, бұл жерде тәуекел жоғары болды. Науқаспен сөйлестік, түсіндірдік барлығын. Мұндай кезде ішті ашып, ішектің бір бөлігін кесіп жасалатын. Науқасты ұйықтатып операцияны жасадық. Бір сағат көлемінде. Бір сағат бақылап, үйіне жібердік.

Операция жасалғанына біраз уақыт өтті. Жуырда Жанат қайта тексерілді. Ішекте ісіктің ізі де қалмапты. Мамандар қатерлі ісікті хирургияның көмегінсіз де емдеуге болатынын дәлелдеді. Қатерлі ісіктің қаупі жоғары еді, абырой болғанда науқас уақытында келген. Соның нәтижесінде денеге жайылып кеткен жоқ. Сондықтан мамандар дәрігерге дер кезінде жүгінуге кеңес береді. Әсіресе 45 жастан асқан азаматтар скринингтік тексеруді уақтылы өткені жөн.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу