Ақтөбеде көлік жөндеу орталығында жарылыс болып, күзетші көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде көлік жөндеу орталығында жарылыс болып, күзетші көз жұмды

22.02.2022

Ақтөбедегі көлік жөндеу орталықтарының бірінде жойқын жарылыс болды. Салдарынан 600 шаршы метр аумақтан түк қалмады. Үйінді астында қалған күзетші жан тапсырды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Оқиға таңғы сағат төрттердің шамасында болған. Жарылыстың қатты болғаны соншалық, бетоннан салынған ғимараттың түгі қалмай қирады. Үйінді астында 11 көлік қалды. Бұл жерде қазір мамандар жұмыс істеп жатыр.

Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, газ-ауа қоспасы жарылған. Яғни, нысан ішіндегі көліктердің бірінің газ жабдығында ақау болған деген болжам бар. Оқиға орына дереу жеткен құтқарушыларға үйінді астында қалған күзетшінің денесін табу оңайға соқпады. Үш жылдан бері осында істеген 67 жастағы ер адам тек түнде ғана нысанды күзетуге келіп жүрген.

Қайрат Қасым, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:

Оқиға орнына келген сәтте, темір конструкциялардың бұзылғанын көрдік. Құтқарушылар тез арада іздестіру жұмысына кірісті. Иісшіл иттердің көмегімен үйіндінің арасынан ер адамның денесін алып шықтық.

Жарылыс салдарынан 11 көлік бүлінді. Оның кейбірі аулада тұрған. Бірін бетонның астында қалса, енді бірін жарылыстың екпінімен ұшқан темір мен тас бүлдірген.

Игорь Бикетов көлік жөндеу орталығының өкілі:

Бұрын бізде мұндай жағдай болған жоқ, бірінші рет тіркеліп отыр. Көліктерді полиция сараптамаға алып кетіп жатыр. Ғимаратты кезінде өзіміз сапалы етіп бетоннан салғанбыз. Жұмыс істеп тұрғанына 20 жылдай болды. Шығын көлемі туралы айтуға әлі ерте.

Әзірге шығын көлемі белгісіз. Қазір оқиға орнында мамандар жұмыс істеп жатыр. Полиция оқиғаға қатысты тергеуді бастады.

Ерболат Сарқұлов, облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

Аталған факті негізінде Ақтөбе облысының ПД ҚР ҚК 292-бабының 2-бөлігі «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Көлігі зақымданғандар полиция бөліміне арыз жазуы тиіс. Себебі,олардың көбі көлігін орталыққа жөндеуге тапсырғаны жөнінде еш құжат рәсімдемеген. Шығынның қалай өтелетінін тергеуден соң белгілі болады.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу