«Нұр Сұңқар» байқауының жеңімпаздары анықталды (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Сұңқар» байқауының жеңімпаздары анықталды (ВИДЕО)

27.06.2014
 «Нұр Сұңқар» байқауының жеңімпаздары анықталды (ВИДЕО)
Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында «Нұр Сұңқар» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды.
 
Аталған байқау осымен 5-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Қалам ұстаған қауым арасындағы мықтылар 7 аталым бойынша марапатталып, 1 миллион теңге көлемінде сыйақыдан алды.
 
 «Нұр Сұңқар» байқауының мәртебесі де, оған қатысушылар саны да жыл сайын артып келеді. Биылғы жеңімпаздар 221 адамның арасынан анықталып, 7 аталым бойынша марапатталды.
 
«Қазақстандық журналистикаға қосқан үлесі үшін» атты номинацияны «Қазақстан» РТРК» АҚ  Басқарма төрағасы Нұржан Мұхамеджанова иеленді.  
 
Ал, ең үздік газет және тележурналист аталымдары бойынша жеңіске Мәмет Сүлеймен мен Майя Бекбаева жетті.
 
«Ең үздік өңірлік тілші» номинациясындағы бас байге Гүлзина Бектасқа табысталды.
 
«Медиа-профи» номинациясындағы бірінші орын Анар Базмұхаметоваға берілсе, Ольга Цой «Партия қызметі туралы ең үздік материал үшін» атты аталымда топ жарды.
 
Ал, үздік блогерлер болып бірден екі адам танылды. Өркен Кенжебек және Яков Федоров. Олардың барлығы «Нұр Сұңқар» мүсіншесі, арнайы диплом және ақшалай сыйлыққа ие болды. 
 
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Ең дамыған 30 елдің ішіне кіру үшін халықтың сана-сезімі өзгеруі керек. Біз өз күшімізге сеніп, журналист болсын, қарапайым жұмыскер болсын, барлығымыз жұмыла отырып, жұмысымызды сапалы түрде атқаруымыз керек.
 
Сондай-ақ, салтанатты шара барысында бірқатар журналиске Байланыс және ақпарат агенттігінің «Ақпарат саласының үздігі» төс белгілері табыс етілді. Мұндай марапатқа ие болғандардың қатарында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасындағы «Арtа.kz» бағдарламасының жүргізуші-редакторы Мейіржан Әлібекұлы да бар.
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу