Мемлекет басшысы Елбасыға қатысты пікір білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Елбасыға қатысты пікір білдірді

18.02.2022

Сұхбат барысында Мемлекет басшысы Қаңтардағы оқиғадан үлкен сабақ алғанын жеткізді. Қазір елімізде болып жатқан саяси шешімдер соның нәтижесі. Елбасының 30 жылдық еңбегін жоққа шығаруға болмайды, бұл тарихқа қиянат, - деді. Ал Тұңғыш президенттің қандай да бір кемшілігі болса, оларды сабақ ретінде қалдыру керектігін айтты.

Мемлекет басшысы тіл реформасын жасау қажеттігіне де тоқталды. Мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керектігін жеткізді. Өйткені тіліміз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан ең алдымен өзіміз оған құрмет көрсетуіміз керек деді.

Ал мемлекеттік қызмет эксперимент алаңы емес деген Президент саяси тазалаудың болмайтынын айтып, қоғам алдындағы ең маңызды мәселеге тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өкінішке қарай, заңды мойындағысы келмейтін азаматтар аз емес. Басқаша айтсақ, құқықтық нигилизм белең алуда. Ағаларымыз «Тәртіпсіз ел болмайды» деп баяғыда айтқан болатын. Менің ұстанымым: қоғамда заң мен тәртіп болса ғана, ел ішінде үйлесім, бейбіт өмір болады. Заң – кез келген өркениетті қоғамның басты өлшемі. Заң үстемдік құрғанда ғана әділетті қоғам қалыптасады. Біз міндетті түрде бұған қол жеткізуіміз керек. Бұл – менің нақты ұстанымым.


Хабарламаларға жазылу